Министр: Павлодар әуежайының ұшу аймағын жаңарту рейстерге кері әсер етпейді

Министр: Павлодар әуежайының ұшу аймағын жаңарту рейстерге кері әсер етпейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев  облыс тұрғындарымен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тұрғындар сәуір-наурыз айларында әуежайдың ұшу-қону аймағының қызметі тоқтап қалмай ма екені жайлы сұрады. 

– Жоспар бойынша сәуірде жұмысты бастап, желтоқсанда аяқтау көзделген.  Біздің ведомстволық бағынысты ұйым бар – авиациялық әкімшілік. Олар сертификат беруі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Егер оны алған жағдайда бір уақытта жұмыс атқаруға болады, яғни жолақты жөндеу кезінде Алматы мен Астанаға рейстер тоқтап қалмайды, – деді Марат Қарабаев.

Министрдің сөзінше, ұшу-қону жолағын қайта құру қолданыстағы рейстердің жүйелілігіне әсер етпейді. Ал ол үшін сертификаттау рәсімін аяқтау қажет. 

– Мұндай қайта құру жұмыстары алғаш рет жүргізіліп отырған жоқ. Семей мен Қостанай қалаларында да өткізілген, – деп атап өтті ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Сәрсен Жарылғасов.

Еске сала кетейік,  Павлодар қаласы әуежайының жасанды ұшу-қону жолағын реконструкциялау бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді.  Әуежай кешенін жалпы қайта жаңарту көзделіп отыр. Яғни, алаңдарды халықаралық стандарттар нормаларына сәйкестендіріп,  өткізу қабілетін сағатына 200-ден 400 жолаушыға дейін арттыру жоспарланған. Бұған қоса, нысанның қасына қосымша ғимарат салу қарастырылып отыр.   Құрылыс монтаждау жұмыстарының құны 16,9 миллиард теңгені құрайды.