Павлодарлық тұтынушылардың сауаттылығы артып келеді

Павлодарлық тұтынушылардың сауаттылығы артып келеді
Фото: Константин Шелков

Осыған қарай кәсіпкерлер төлеген айыппұл көлемі де өсіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова мәлім етті. 2025 жылдың бес айында департамент 727 өтініш қарады, 2024 жылдың сәйкес кезеңінде – 658.

– Биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өтініштер саны 10,5 процентке артқан. Басқармаға келіп түскен өтініштер санының тұрақты түрде артып отырғаны түсіндіру жұмыстарының нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында келіп түскен өтініштерді талдау нәтижесінде, Павлодар облысында тұтынушылардың құқықтары көбінесе бөлшек саудада – 60 пайыз, электронды саудада – 12,5 пайыз, тұрмыстық қызмет көрсету саласында – 17,2 пайыз бұзылады, – деп түсіндірді Нұрсұлу Әубәкірова.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жыл басынан бері 144 тексеру жүргізілсе, 2024 жылдың сәйкес кезеңінде – 82. Тексерулер санының өсімі 75,6% құрады. Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңын бұзудың 88 фактісі анықталды.

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тауарлық үстеме бағаны асырып жіберу мәселесі бойынша жүргізілген 103 тексерістің 22-сінде картопқа, 14-і күнбағыс майына, 13-і қарақұмық жармасына тауарлық үстемеден асып кеткен. Ең үлкен сауда үстемесі қырыққабатта 350 процент, сәбізде 275 процент, картопта 106 процент болды, — дейді баяндамашы.

Барлығы 64 ішкі сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, заң бұзушылықтарды жою туралы 88 ұйғарым шығарылды.

Тұтынушылар тек әлеуметтік өнімдерге қатысты бұзушылықтар туралы хабарлай алады. Павлодарлықтардың фотосуреттер түріндегі дәлелдемелері, бір дүкендегі бағаның екіншісімен салыстырғанда негізсіз жоғары екендігі туралы түбіртектері бар егжей-тегжейлі өтініші тексеруге негіз бола алады.

Жыл басынан бері департамент 12 сот ісіне қатысып, оның ішінде тоғыз талап арыз сотпен қанағаттандырылып, олар бойынша тұтынушылардың пайдасына жалпы сомасы 41 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.