Мүйізіне көтеріп, лақтырды: Павлодар облысында сиыр төрт жасар қызды сүзіп алды

Мүйізіне көтеріп, лақтырды: Павлодар облысында сиыр төрт жасар қызды сүзіп алды
Фото:pixabay.com/Alexas_Fotos

Жарақат алған қыз бір апта бойы төсек тартып, ауруханада жатты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Әлеуметтік желіде 5 тамызда Қалқаман ауылында 4 жасар баланы сиыр сүзіп алғаны туралы хабарлама жарияланып, таралды. 

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, учаскелік полиция инспекторына қыздың әкесі баланы сүзіп алған сиырдың иесіне шара қолдану туралы жүгінді. Қыз құмсалғышта басқа балалармен ойнап отырған. Бір уақытта екі көрші  қараусыз жайылып жүрген сиырларды бақшадан қуып, қақпаны жапқысы келгенде, бір сиыр құмсалғышқа жақындап, қызды мүйізіне көтеріп, содан кейін лақтырып жіберді. Бұл мезетте балаға көршісі көмекке жүгіріп келіп, сиырды қуып жіберді. Жедел жәрдем мен полиция бірден шақырылды.

Сол күні 4 жасар қыз облыстық балалар ауруханасына шұғыл түрде жеткізіліп, хирургиялық бөлімшесіне жатқызылды. Дәрігерлер қарап шыққан кезде қызда іштің жарақаты, ішкі ағзалардың, бүйректің зақымдануы анықталды. Бала жеті күннен кейін, яғни 12 тамызда ауруханадан шығарылды. 

– Ірі қара мал иесі айыппұл салумен мал жаю ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Онымен мұндай бұзушылықтардың алдын алу туралы әңгіме жүргізілді. Бұдан басқа, жәбірленуші тарап материалдық және моральдік залалды өтеу үшін азаматтық тәртіпте сотқа жүгіну құқығын өзіне қалдырады, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінде.

Полиция ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне малды қараусыз қалдырмауға және жайылымды ұйымдастыруға жауапкершілікпен қарауға, барлық қолда бар мал басын ауыл әкімдіктерінде есепке қою, таңбалау, чиптеу жүргізуді ескертеді.

Айта кетейік, биылғы жылы бір мыңға жуық мал басының иесі малды  бақылаусыз жайғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Мамандандырылған қораларға 14 мыңнан астам иесіз мал қамалды.

Бұл ретте болған оқиғаға қатысты желі қолданушылары түрлі пікірлер жазып, қалдыруда: « Неге 4 жасар бала ата-анасының қарауынсыз жүрген?», «Мұнда барлық кінә сиырдың иесінде. Ауылда мал бағатын жер бар. Жануарлар иесінің бақылауында болуы керек», «Иесіз жүрген сиыр қараусыз болған баланы сүзіп алды. Балаларыңызды жалғыз қалдырмаңыз!».