Орталық жағалауда мыңнан аса павлодарлық этно-мәдени шеруге шықты

Орталық жағалауда мыңнан аса павлодарлық этно-мәдени шеруге шықты
Фото: Валерий Бугаев

Көрермендер Нұрболат Абдуллиннің концертін тегін тамашалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ertis Promenade» сахнасының алдында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай мерекелік шеру өтті. Оған әр ауданның этно-мәдени бірлестіктерінің мүшелері мен мектеп оқушылары қатысты.

–  Бізде «Маргаритария» деген вокалдық топ бар, мен сонда ән айтамын. Біз Қазақстанда тұратынымызды, осындай көп ұлтты мемлекетіміз бар екенін мақтан тұтамыз, – дейді грек диаспорасының өкілі Лариса Константиновна.

Шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Тұрғындар жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады. Сонымен қатар, басты сахнада эстрада жұлдызы Нұрболат Абдуллин өнер көрсетті.

Көшеде караокемен ән салу ұйымдастырылды. Онда қаланың қақ ортасында ашық сахна құрылып, ән салғысы келетін әр адам классикадан бастап заманауи тректерге дейін өзінің сүйікті әнін шырқады.

Жылжымалы аниматорлар, жарқын костюм киген персонаждар және жүргізушілер мерекеге ерекше сарын сыйлады. Онда ойындар, конкурстар, шағын квесттер ұйымдастырылды.

Еске салайық, қосымша алаңда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай жеті киіз үй тігіліп, өңірімізден 13 этномәдени бірлестігі мен 9 қала және аудандардың белсенділері тұрмыстық заттары мен қолданбалы өнері бойынша көрме ұсынды.