Отан қорғаушылар күні: 20 жылда жастар қалай өзгерді?
Бұл сауалға маман жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында Баянауыл аудандық қорғаныс істері бөлімінің әскерге шақыру және әскерден тыс бөлімінің бастығы Махаббат Алтаева соңғы жиырма жылдағы әскерге шақырылушылардың өзгерісі туралы айтып берді.
Оның айтуынша, 2000-жылдардың басында әскерге шақырылатын жастардың денсаулығы әлдеқайда мықты болған. Сол кезде шақырылушылар саны да көп, физикалық дайындығы да жоғары еді. Қазіргі таңда жағдай біршама өзгерген.
- 2006 жылдармен салыстырсақ, бұрын шақырушылардың саны көп болды, денсаулықтары да жақсырақ еді. Қазір бірінші кезекте көз көруінің нашарлығы, жүрек ақаулары жиі кездеседі, — дейді Махаббат Алтаева.
Маман бұл өзгерістерді жастардың өмір салтымен байланыстырады. Оның сөзінше, қазіргі балалардың қимыл-қозғалысы азайып, таза ауада уақыт өткізуі сиреген.
- Ата-ана ретінде де ойланамын. Балалар далаға аз шығады, табиғатпен араласпайды, көбіне экранға қарап отырады. Соның әсері денсаулыққа тиіп жатыр, — дейді ол.
Дегенмен, тәрбие мен патриоттық рух жағынан қазіргі жастарға оң баға береді. Әскерге барған жастардың көпшілігі өз қызметін мақтанышпен атқарып, елге оралған соң алғысын білдіреді.
- Балаларымыз тәртіпті, «Отаным» деп тұратын патриот жастар көп. Әскер — үлкен өмірлік мектеп. Қызмет етіп келген жастар алғысын айтып жатады, — деп атап өтті бөлім бастығы.
Күні кеше Махаббат Алтаева мереке қарсаңында Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолынан салтанатты түрде Құрмет грамотасына ие болған еді.
Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны жүруде. Биылғы жылдың наурыз–маусым айларында Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға барлығы 704 азамат жіберіледі. Олардың ішінде Қарулы күштер құрамына – 380 адам, Ұлттық ұланға – 240 адам, Шекара қызметіне – 50 адам, Төтенше жағдайлар министрлігіне – 25 адам, Мемлекеттік күзет қызметіне тоғыз адам қарастырылған.
«Көшеден алып кету» тәжірибесі енді қолданылмайды. Жалтарғандарды іздестіру тек ішкі істер органдары арқылы жүргізіледі.