Павлодарға Ботай дәуіріндегі жылқының сүйектері әкелінді

Павлодарға Ботай дәуіріндегі жылқының сүйектері әкелінді
Фото: автор

Шаһарда Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігінің қор коллекциясынан көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи- өлкетану мұражайының 100 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған музей бірлестігінің қор коллекциясынан «Ботай - Ұлы дала мәдениеті» атты көрменің салтанатты ашылуы «Ертіс» музейінде өтті. 

Ботай мәдениеті – мыңдаған жылдар бойы даму векторларын анықтаған дала өркениетінің матрицасы. «Ботай қонысы» бірегей археологиялық ескерткіші ұлттық киелі орын, республикамыздың бренді болып табылады. 

Ескерткіш біздің эрамызға дейінгі IV-III мыңжылдыққа, энеолит дәуіріне жатады. Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы 1980 жылы ашқан.

Облыстық тарихи-өлкетану музей қорында осы фактіні растайтын Ботай қонысының кең археологиялық коллекциялары сақталған.

– Көрме үлкен тарихты қамтиды. Оның ішінде Ботай қонысы 1980 жылдары зерттелген. Тарих ғылымының докторы, археолог  Виктор Зайберттің ашқан еңбектерін әкеліп отырмыз. Сонымен қатар, жылқы малы алғашқы ботай қонысында қолға үйретілген деген тұжырымдарға байланысты қолданбалы өнерден музей қорынан экспонаттар әкелінді, – дейді Петропавл қаласы бейнелеу өнері музейінің қор бөлімі қызметкері Гүлнұр Зейнелғабиденова. 

Айта кетерлігі, Ботай мәдениетін танымал ету мақсатында 2019 және 2023 жылдары халықаралық суретшілер симпозиумдары өткізілген. Оған Канада, Германия, Франция, Бенин, Румыния, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қазақстан суретшілері қатысып, өз туындыларын облыстық бейнелеу өнері музейі қорына тапсырған.

Әртүрлі жанрлар мен техникаларда боялған картиналар Ботай мәдениетінің рухын суретшілердің авторлық көзқарасында бейнелейді. Павлодарда ұйымдастырып отырған көрмеде 42 шығармашылық және пленэрлік жұмыс ұсынылған. 

–  «Ботай - Ұлы дала мәдениеті» атты жылжымалы көрме бұған дейін Астана қаласында, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінде көрермен назарына ұсынылған болатын. Павлодар қаласының тұрғындары көрмені бір ай тамашалай алады. Кейін басқа да қалаларға апару жоспарлануда, – дейді Гүлнұр Зейнелғабиденова. 

Көрмеде фото және видео материалдар, Ботай дәуіріндегі жылқының сүйектері, құрал-саймандар, керамика, рухани мақсаттағы заттар, қос тұрғын үйдің макеті, ежелгі өндірістік алаңдарды қайта құру, яғни интерактивті аймақтар ұсынылған. 

Жалпы жылжымалы көрмеде 140-қа жуық экспонат ұсынылған. Оның 98-і этнография және археология, 42-сі бейнелеу өнері бойынша.