Павлодар қаласының Құлагер иподромында дүбірлі дода өтті

Қала күніне орай ұйымдастырылған ат жарысы ұлттық рухты жаңғыртты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстағы Құлагер ипподромы шілденің аптап ыстығында да ұлттық рухты асқақтатқан мерекенің шырайын келтірді. Шара қала күніне арналды, ал мерекенің жүрегі – қазақтың қанына біткен бәйге мен балуан күресі, садақ ату, асық ату секілді ұлттық спорт түрлері болды.
Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шабандоздар қатысты. Астана, Алматы, Қостанай, Тараз, Петропавл, Павлодар секілді ірі қалалар мен облыстардан келген 80-ге жуық жүйрік үш санат бойынша бәйгеге түсті: құнан бәйге, топ бәйге, және аламан бәйге.
Құнан бәйге – 8 шақырымдық қашықтықта тартысқа түскен жүйріктер арасынан бірінші орынды Тараз қаласынан келген Ерсұлтан Аманқұлов алған, жүйрігі – Тастемір, ат иесі – Ақылжан Салимов, бапкері Мұхит Салимов. Екінші орын – Көкшетау қаласының шабандозы Ярыгин Тимур, сәйгүлігі – Сымбат. Үшінші орынды Қаракесек есімді шабандоз иеленді.
– Мұндай ұлттық деңгейдегі шаралар ел бірлігін күшейтіп, ұрпақты салт-дәстүрге тәрбиелеуге сеп болады. Қала күні тек ән-күймен емес, осындай терең мағынамен өтсе – нағыз береке сол,– деді Құнан бәйге жеңіпазының ағасы, әрі ат иесі Ақылжан Салимов.
Мереке тек ипподромдағы іс-шаралармен ғана шектелген жоқ. Қала күніне орай шаһардың сегіз түрлі алаңында шығармашылық кештер, балаларға арналған ойын-сауықтар, фотокөрмелер мен музыкалық қойылымдар өтті.
Құлагер иподромында 30 қазанда дайындалған палау тегін таратылды. Сондай-ақ, тегін лотерея ұйымдастырылып, теледидарлар, кондиционерлер, велосипедтер сияқты сыйлықтар таратылды.
Фото: автор