Павлодар әкімі спорттық сырларымен бөлісті

Павлодар әкімі спорттық сырларымен бөлісті
Фото: Константин Музалевский

Хасар Хабылбеков бала кезіндегі кумирі кім болғанын айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Бірлік» жекпе-жек сарайында спортшылар сауалдарына жауап берген қала басшысы бокспен жас кезінде айналысқанын айтты. Оның ойынша бокс адам бойындағы мінезді, ерік-жігерді дамытады. Бала кезінде Хасар Хабылбековтың кумирі Майк Тайсон болатын, ал қазақстандық боксшылар арасында қала әкімі Геннадий Головкинді ерекше құрметтейтіні белгілі болды.

– Бокспен өзім айналысып, облыс чемпионы болған кезім болды. Мінезді қалыптастыратын спорт түрі бұл. Ол маған қазір көмектеседі: кез келген шешім мінез бен ерік-жігерді қажет етеді, - дейді Хасар Хабылбеков.

Павлодар қаласы әкімінің айтуынша, қауырт жұмысқа байланысты қазіргі уақытта бұрынғысынша спортпен айналыса алмайды, бірақ әлі де аптасына бірнеше рет жаттығу залына баруға тырысады.

– Мен 20 жасқа дейін бокспен айналыстым, бірақ мемлекеттік қызметке келгеннен кейін спортты қоя тұруға тура келді. Әкімдікте жұмыс қызу, тәулік бойы, егер ұйқыға үш-төрт сағат тапсаңыз – жақсы. Қала әкіміне асфальттағы бір жапырақ қағаздан бастап, әлеуметтік мәселелерге дейін ауқымды мәселелер жүктелген. Бірақ жұмыстан кейін аптасына екі-үш рет жаттығуға тырысамын, – дейді Хасар Хабылбеков.

Баспасөз мәслихаты 27 ақпанда «Астана» мұз сарайында өтетін бокс кешіне арналды. Бокс кеші 18.00-де басталады. Рингтегі жекпе-жектерден бір күн бұрын ұйымдастырушылар БАҚ өкілдерінің қатысуымен хоккей шоу матчын өткізуге уәде беріп отыр.

Шоу-бағдарламада елімізден бөлек, шетелде де атын шығарған павлодарлық рэперлер Niman мен Truwer өнер көрсетеді.