Павлодар әкімі тұрғын үйге тартылған электр кабелін ауыстыруды тапсырды
Қала тұрғындары Хасар Хабылбековке ауладағы коммуналдық мәселелер бойынша шағымданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар әкімі Хасар Хабылбеков көшпелі кездесу барысында көпқабатты үй тұрғындарының өтініштерін тыңдады. Олар бірнеше жылдан бері үйдің шатыры арқылы өтетін электр кабеліне алаңдаушылық білдіріп, оны жер астымен жүргізуді сұрады.
Қала басшысы жауапты қызмет өкілдерінен үйдің электрмен қалай қамтамасыз етілетінін сұрап, кабельді жаңасына ауыстыру қажеттігін айтты. Коммуналдық мекеме өкілі қолданыстағы кабель олардың меншігінде емес екенін жеткізді.
– Үй сіздердің трансформаторлық қосалқы станцияларыңызға қосылған. Жаңа кабель тартып, үйді дұрыс қосыңыздар. Бұл жұмысты инвестициялық бағдарламаға енгізіңіздер. Қалай орындайтындарыңызды өздеріңіз шешіңіздер, – деді Хасар Хабылбеков.
Әкімнің айтуынша, кабельді жер астымен жүргізу жұмыстары көктемге жоспарланады. Өйткені қыс қарсаңында жер қазу ауладағы абаттандыруға кері әсер етуі мүмкін. Жұмыстар аяқталғаннан кейін аумақтың бұрынғы қалпы қалпына келтірілуі тиіс.
Кездесуде тұрғындар аулада жатқан бетон плиталарды алып тастауды да өтінді. Қала әкімі жауапты мамандарға оларды келесі күні шығаруды тапсырды.
Тағы бір мәселе қоқыс контейнерлері орналасқан алаңға қатысты болды. Тұрғындардың айтуынша, асфальт төселгеннен кейін бұл аумақ ойпаңда қалып, жаңбыр суы жиналатын болған. Сондай-ақ қоқыс жан-жаққа таралмас үшін алаңды қоршауды сұрады.
– Аумақты толық тексеріңіздер. Судың неліктен жиналатынын анықтау қажет. Егер қайта асфальттау керек болса, бұл жұмысты көктемде жүргіземіз, – деді қала әкімі.
Жауапты қызмет өкілдері қоқыс алаңын қоршау мәселесін шешуге уәде берді.
Кездесу соңында тұрғындар өтініштеріне жедел назар аударғаны үшін әкімге алғыс білдірді.