Павлодар әкімі жылыту маусымының реттеу жұмыстарын бақылауға алды

Гидравликалық және температуралық режимдерді қалыпқа келтіру үшін он арнайы комиссия құрды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
22 қыркүйектен бастап көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беру маусымы басталды. Әлеуметтік нысандар (мектептер, ауруханалар, балабақшалар) жылумен одан ерте – 10 қыркүйектен бастап қамтамасыз етілген болатын. Қазіргі таңда қаладағы барлық үйлерге жылу беріліп, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков әлеуметтік желіде мәлім етті.
Әкім жылу беру маусымының барысын бақылау мақсатында әлеуметтік нысандарды, тұрғын үйлерді және сорғы станциясын аралап шықты.
– Әдетте біз 1300 үйді екі апта ішінде қосамыз. Жылу қосылғаннан кейін гидравликалық және температуралық режимді реттеумен айналысамыз. Қазір жекелеген мекенжайлар бойынша 10 комиссия жұмыс істейді, – деді Хасар Хабылбеков.
Әкімнің тапсырмасы бойынша, гидравликалық және температуралық режимді қалыпқа келтіру мәселелерімен айналысу үшін тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен «Павлодар жылу желілері» ЖШС бірлесіп 10 арнайы комиссия құрды. Бұл комиссиялар бір апта ішінде әр үйге шығып, жылу жүйесіндегі (ауа жиналуы, төмен температура) кез келген ақауларды жедел жоюмен айналысады.
Қала әкімдігі тұрғындардан түсетін барлық өтініштердің жергілікті жерде қаралып, жұмысқа алынатынын баса айтты.
Жылу мәселелері бойынша өтініштер мына телефон нөмірі арқылы қабылданады: +7 (705) 601-10-57. Сондай-ақ әкімге тікелей (direct) хабарласуға болады.
Сондай-ақ, Хасар Хабылбеков жылу беру сапасын тексеру мақсатында бірқатар балабақшаларға барды. Өткен жылы жылуы аз болған бір балабақшада ол балалармен тілдесіп, енді жылы екенін растады.
– Өткен жылы осы жерде жылу жетіспеушілігі туралы шағымдар болған. Облыс әкімінің қолдауымен бірнеше балабақшада, соның ішінде сіздің балабақшаңызда да терезелерді ауыстырып, жылу жүйесін жөндедік, – деді шаһар басшысы.
Әкім қыста да бақылауды жалғастыратынын атап өтті.