Павлодар өңірінде индустрия мен экологияны теңестіру жұмыстары жүріп жатыр

Павлодар өңірінде индустрия мен экологияны теңестіру жұмыстары жүріп жатыр
Фото: Константин Шелков

Жаңа салынып жатқан немесе құрылысын бастаған зауыттарда ең заманауи, экологияға зияны аз технологияларды қолдану талап етілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов  ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде есеп беру кезінде, өңір орталығында алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешені бой көтеретіні туралы мәлімдеді. Мұнда пластик, металл, қағаз және шыны қайта өңдеуге тапсырылады. Жобаның жалпы инвестициялық – 4,8 миллиард теңге, қуаты 150 мың тоннаны құрайды. 

– 20 пайызы пластик пен полимерлерді өңдеуге арналған. Бұл кешен өңірде тұрмыстық қалдықтарды тиімді әрі экологиялық жолмен қайта өңдеуге мүмкіндік береді, – деді Асайын Байханов.

Әкімнің сөзінше, өнеркәсіптің қарқынды дамуы экологияға белгілі бір әсер етеді. Сол себепті өңірдің индустриялық өсуін сақтай отырып, ластаушы заттарды азайтуға басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта ірі кәсіпорындарда кешенді «ecofriendly» шешімдер енгізу арқылы қол жеткізілуде. 

– Соңғы бір айда Екібастұзда ашылған екі жаңа ферроқорытпа зауытында 99,8 пайыз зиянды заттарды ұстай алатын заманауи гибридті сүзгілер орнатылды. ERG тобының төрт ірі кәсіпорнында 178 миллиард теңге көлемінде кешенді экологиялық шаралар енгізілуде. Бұл шаралар қалдықтарды 50 мың тоннаға, яғни 57 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

Келесі кезеңде, осындай шараларды Павлодар мұнай-химия зауыты, облыстық жылу-энергетикалық орталықтары және Екібастұздағы МАЭС-1 мен МАЭС-2 зауыттарында енгізу жоспарлануда.

Экологиялық жобалардың жүзеге асырылуы өңірдің таза және қауіпсіз ортаны сақтаудағы маңызды қадам болып табылады.