Павлодар алюминий зауытында үш буын сабақтастығы сақталған
Аппаратшы-гидрометаллург өндірістегі негізгі міндеттері мен жауапты сәттерді атады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар алюминий зауытында өндірістің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп жүрген мамандардың бірі – аппаратшы-гидрометаллург Ерқанат Берікұлы Смағұлов. Ол бұл кәсіпорында 2012 жылдан бері еңбек етіп келеді және бүгінгі таңда гидрометаллургия цехының негізгі өндірістік тізбегінде жауапты қызмет атқарып жүр.
Ерқанат Смағұлов Павлодар ауданына қарасты Қараторғай ауылының тумасы. Мектеп бітіргеннен кейін өндіріс саласын саналы түрде таңдаған ол еңбек жолын Павлодар алюминий зауытынан бастады. Бүгінде зауыт оның отбасы үшін де жат емес – бұл кәсіпорында бірнеше буын өкілдері қызмет еткен және етуде.
– Он төрт жылдан бері Павлодар алюминий зауытында, гидрометаллургия цехының 1-ші телімінде аппаратшы-гидрометаллург болып жұмыс істеп келемін. Алғашында ауысыммен – күндіз-түні еңбек еттім, қазір бес күндік жұмыс режиміне ауыстым. Бұл зауыт – мен үшін тек жұмыс орны емес, өмірімнің бір бөлігі, – дейді Ерқанат Смағұлов.
Өндірістегі әулет жалғастығы да – оның еңбек жолының бір ерекшелігі. Туған бауыры – Ильяс Смағұлов та осы зауытта, сол цехта аппаратшы-гидрометаллург болып жұмыс істейді. Ал атасы Мұхтар Смағұлов химия-металлургиялық цехта ұзақ жыл еңбек етіп, осы кәсіпорыннан зейнетке шыққан.
Аппаратшы-гидрометаллург – зауыттағы маңызды әрі күрделі мамандықтардың бірі. Бұл қызмет иесі ерітінділерден металдарды алу бойынша жүретін химиялық үдерістерді тікелей өндірістік жабдықтарда басқарады. Оның күнделікті жұмысы технологиялық тәртіпті қатаң сақтаумен, аппараттар мен механизмдердің дұрыс жұмысын бақылаумен тығыз байланысты.
– Аппаратшы-гидрометаллург – гидрометаллургия цехындағы барлық химиялық үдерістердің дұрыс әрі тұрақты жүруіне жауап береді. Біз температураны, ерітінді концентрациясын, қысымды бақылап отырамыз, реагенттерді нақты мөлшермен қосамыз, сынамалар аламыз. Бұл – үлкен дәлдікті қажет ететін жұмыс, – деп түсіндіреді маман.

Оның айтуынша, бұл учаскенің зауыттың жалпы өндірістік процесіндегі рөлі ерекше. Гидрометаллургия цехындағы кез келген ауытқу бүкіл технологиялық тізбекке әсер етуі мүмкін. Сондықтан аппаратшы-гидрометаллургтер өндірістің тоқтаусыз жүруін, өнім сапасының сақталуын және шикізаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар олар апаттық жағдайлардың алдын алып, экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының орындалуын қадағалайды.
Жұмыстағы ең жауапты сәттер – технологиялық режимдердің сақталуы мен қауіпті химиялық заттармен жұмыс істеу. Сілтілер, қышқылдар және түрлі реагенттермен жұмыс барысында ұсақ қателіктің өзі үлкен салдарға әкелуі мүмкін.
– Температура мен ерітінді концентрациясындағы аз ғана ауытқу өндіріс нәтижесіне әсер етеді. Сондықтан біз әр параметрді үнемі бақылауда ұстаймыз. Бұл мамандықта немқұрайлылыққа орын жоқ, – дейді Ерқанат Берікұлы.
Өндірістегі қауіпсіздік – Павлодар алюминий зауытында басты басымдықтардың бірі. Мұнда еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздікке бағытталған кешенді шаралар жүйесі жұмыс істейді. Әр қызметкер жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген: каска, қорғаныш көзілдірігі, арнайы киім, қолғап, респиратор және жұмыс ерекшелігіне байланысты қосымша қорғаныс жабдықтары міндетті түрде қолданылады.
Мәселен, гидрометаллургия цехында химиялық ерітінділермен жұмыс істейтіндіктен, қызметкерлер мұнан өзге бет қалқандарымен және тыныс алу органдарын қорғайтын құралдармен де жабдықталады. Сонымен қатар зауытта тұрақты түрде нұсқамалар өткізіліп, қызметкерлердің білімі жаңартылып отырады, ал қауіпсіздік талаптарының сақталуы қатаң бақылауда.
– Қауіпсіздік – бұл тек ереже емес, күнделікті мәдениет. Әр қызметкердің аман-есен үйіне қайтуы бәрінен маңызды. Сондықтан біз үшін ұсақ-түйекке дейін мән беру – кәсіби міндет, – деп атап өтті аппаратшы-гидрометаллург.
Жылдар бойы зауыттағы жұмыс Ерқанат Смағұловты тәртіпке, жоғары жауапкершілікке және ұсақ-түйекке мұқият қарауға үйреткен. Ол өндірістің күрделі механизм екенін, мұнда әр қызметкердің еңбегі өзара тығыз байланыста екенін жақсы түсінеді. Сонымен қатар жедел әрекет ету, өзгерістерге тез бейімделу, әртүрлі бөлімшелермен тиімді коммуникация орнату және командамен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырған.
Оның айтуынша, бұл салада табысты болу үшін ең алдымен жауапкершілік пен еңбекқорлық қажет. Тәртіп, үнемі үйренуге деген ұмтылыс, өз ісіне адалдық пен ұжыммен тіл табыса білу де маңызды қасиеттердің қатарында.
Зауыттағы ұжым да маман үшін ерекше мәнге ие. Мұнда тәжірибелі, кәсіби кадрлар еңбек етеді, олар жас мамандарға әрдайым қолдау көрсетіп, білгенін үйретуге дайын. Өзара көмек пен бір-біріне деген құрмет өндірістегі күрделі жұмыстарды еңсеруге мүмкіндік береді.
Ерқанат Берікұлы үшін бұл жұмыстың басты маңызы – еңбегінің нақты нәтижесін көру, ірі кәсіпорынның тұрақты әрі қауіпсіз жұмысына үлес қосу. Ол өзін бір мақсатқа жұмылған үлкен команданың мүшесі ретінде сезінеді.
– Павлодар алюминий зауытында жұмыс істейтінімді мақтан тұтамын. Күн сайын өндірістің тиімділігі мен қауіпсіздігі үшін еңбек ету – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі абырой, – дейді ол.
Айта кетейік, Павлодар алюминий зауыты – Қазақстанда алюминий өндіруге арналған шикізат – глинозем шығаратын жалғыз компания.
Серіктестік материал