«Павлодар аруы - 2024»: Болашақ бастауыш сынып ұстазы үздік ару атанды

«Павлодар аруы - 2024»: Болашақ бастауыш сынып ұстазы үздік ару атанды
Фото: автор

Байқауға өңірдің 14 аруы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында «Павлодар аруы - 2024» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байқауда өңірдің сұлу, өнерлі 14 аруы бақ таластырды. Байқау барысында арулар қазылар алқасы мен көрермендердің көңілінен шығуға тырысып, өз өнерлерін көрсетті.

Арулар байқаудың бірінші кезеңінде өздерін таныстырып, немен айналысатындығы айтты. Арулардың ішінде музыканттар, еріктілер, спортшылар, әртістер, алтын белгі иегерлері тіпті әскери арулар да бар.

–  Мен Торайғыров университетінің 4 курс студентімін. Бүгінгі таңда қызыл дипломға үміткермін. Мен қолөнермен айналысамын. Биылғы университіміздің бірінші вице-аруы атанған болатынмын. Сонымен қатар, биыл мен ант қабылдап, әскери кафедраны тәмамдап, лейтенант атағын алдым,дейді қатысушы Алияна Жолдасбекова.

Келесі кезеңде арулар арнайы тіктірілген ұлттық нақыштағы киімдерді киіп шығып, көрермендерді тәнті етті. Айта кету керек, бұл киімдер «Фирма театр моды Райсы» ЖШС директоры Раиса Жұмашевнаның туындылары.

–   Дәстүрлі түрде өткізілетін «Павлодар аруы - 2024» облыстық байқауы биыл қиынға түскені жалған емес. Барлық арулар бірдей деңгейде, қазылар алқасына өте қатты қиын болды,– дейді Раиса Жұмашевна.

Байқау қорытындысы бойынша, «Аяулы ару» аталымы Индира Төлеубайға, «Сүйкімді ару» аталымы Милана Айтуғановаға, «Мейірім аруы» аталымы Дарина Сакимоваға, «Нәзік ару» аталымы Алияна Жолдаспековаға, «Инабатты ару» аталымы Назерке Алляшқа, «Нағыз ханшайым» аталымы Дильназ Мойлыбаеваға, «Сымбатты ару» аталымы Жанар Абдрахмановаға, «Инстаграм аруы» аталымы Алина Крутоваға, «Miss people Choice» аталымы Жамиля Бұламбаеваға табысталды.

Ал екінші «Павлодар вице-аруы» титулын және 500 мың теңгелік сертификатты Амелия Колдашева жеңіп алса, бірінші «Павлодар вице-аруы» аталымы  мен 750 мың теңгелік сыйақы Дарья Шаидулинаға бұйырды. Ал «Павлодар аруы-2024» атанған және 1 миллион теңгенің жеңімпазы болған Назым Шегебай.

–  Барша мені қолдап келген жақындарыма алғысымды білдіремін. Сіздердің үміттеріңізді ақтадым деген ойдамын. Республикалық сайыста жеңіп шығуға тырысамын,– дейді жаңа мисс Назым Шегебай.

Аталмыш байқау соңында 2023 жылдың үздік аруы атанған Аделина Балғымбаев дәстүрлі түрде басындағы тәжін жаңа миссқа кигізді.

Айта кету керек, республикалық «Қазақстан аруы 2024» байқауында Назым Шегебай облыс намысын қорғайтын болады.