Павлодар ауданында ағайынды арулар зергерлік бұйым жасаудың қас шебері
Оларға шеберлік анасының ақ сүтімен дарыған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданы, Мичурин орта мектебінің 9-сынып оқушылары Жібек және Қарақат Балғабайларды ауылдастары жақсы таниды. Олардың қолынан шыққан түрлі зергерлік бұйымдар мен ұлттық нақышта ойылған ою-өрнектер көздің жауын алады.

Қазақ «Әке көрген - оқ жонар, шеше көрген - тон пішер» деп тегіннен тегін айтпаса керек. Қарақат пен Жібектің анасы Майра Айтмағанбекова да қолөнер шебері. Айтуынша, оның іс-тігіп, қолына қайшы ұстауына себепкер болған нағашы әжесі екен.
- Мен 1984 жылы Баянауыл ауданында дүниеге келдім. Сонда нағашы әжемнің қолында өстім. 5-6- сыныпта оқып жүргенімде әжеммен бірге құрақ құрап, көрпе тіге бастадым. Осылайша, менің ісмерлікке деген махаббатым басталды. Қолөнерге баулыған ұстазым - әжем, - деп еске алады шебер.
Мектеп бітіргеннен кейін Майра болашақ мамандығын да осы шеберлікпен байланыстырып, 2001-2005 жылдары іс тігу мамандығын меңгеріп шығады. Содан бері қолынан қайшы мен ине-жібі түскен емес.
Атадан балаға мирас болатын ұлттық құндылығымыз осылайша ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Бүгінде Майраның қос қызы да анасының ізін басып, тіпті, көмекшісіне айналған.

- Қарақат 15, ал Жібек 14 жаста. Екеуі де қолөнерге өз ынталарымен қызығушылық танытты. Алғашында ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдарды яғни шашбау, алқа, сырға, білезіктерді жасап бастаса кейіннен ою ойып, іс тіге бастады. Оған себеп, өзім тігінші болғаннан кейін тұрғындардан түрлі тапсырыстар түседі. Кейбір кездері соған көмектеседі. Солай жүріп, қыздарым тігін тігуді де жайлап меңгеріп алды. Жалпы, ісмерлікке үшінші қызым Әминаның да икемі бар. Ол да әпкелерінің жолын қуып келеді, - дейді ол.
Үш қыз бен екі ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ана әрбір істің басында қыздары көмекке келетінін мақтанышпен атап өтті. Мәселен, жаңа оқу жылының басында Майра қыздарымен бірлесіп ауыл мектебіндегі 1-сынып оқушыларына арнап бөстектер тіккен.

Бүгінде анасы мен қыздарының қолынан шыққан ұлттық бұйымдар әр сенбі-жексенбі күндері облыс орталығындағы BatyrMall сауда ойын-сауық орталығында ұйымдастырылатын қолөнершілердің жірмеңкесіне қойылады. Бұдан бөлек, Астана қаласындағы орталық Маркеттаға қатысуға жолдамалары тағы бар.
Жас болса да ойын қуып, уақытын босқа өткізідуі құп көрмейтін қос арудың алға қойған мақсаттары да айқын. Болашақта Қарақат дәрігер болуды армандаса, Жібек ұстаздық жолды таңдаған. Ал кішкентай Әмина болса анасының ізін жалғап, дизайнер болуды мақсат еткен.
