Павлодар ауданында астық қоймасы мен мал сою цехы салынып жатыр

Павлодар ауданында астық қоймасы мен мал сою цехы салынып жатыр
Фото: Константин Шелков

Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің машина-трактор паркiн жаңартуға мүмкіндігі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2014 жылы Рождественка ауылдық округінде құрылған «Ткачук» шаруа қожалығы өз қызметін қазақтың ақбас сиыр тұқымын өсіруден бастаған. Қазіргі таңда аналық мал басы 200 басқа жеткен.

Қазір шаруашылық мал өсірумен қатар егін шаруашылығымен де айналысады. Мұнда күнбағыс, бидай және арпа сияқты дәнді дақылдар егіледі. Егістік жерлерді қалпына келтіру үшін пар жүйесі қолданылады.

Бұл туралы облыс әкімінің Павлодар ауданына жасаған сапары барысында шаруашылық басшысы Виктор Ткачук баяндады.

– Қазір біз 15 мың тоннаға арналған астық қоймасын салып жатырмыз, оның құны - 600 миллион теңге. Сонымен қатар, мал сою цехын да қолға алдық. Бұл жобаға тағы 30 миллион теңге жұмсалуда, – деді шаруашылық басшысы. – Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыр техниканың 90 пайызға жуығын жаңарттық. Облыстағы жалғыз «Avatar» егіс кешені де бізде.

Ауданның егіс алқабы 96 мың гектардан асады. Оның 40 мың гектардан астамы күнбағысқа бөлінген, 10,5 мың гектары мал азығы дақылдарына, ал 9,9 мың гектары көкөніс пен картопқа тиесілі.

Аудан әкімі Дидар Ибраевтың мәліметінше, соңғы екі жылда пайдаланылмай жатқан 8 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 5 мың гектардан астамы егіс айналымына енгізілген.

Жоспарланған минералды тыңайтқыштардың 70 пайыздан астамы енгізіліп, арзандатылған дизель отынына алдын ала төлем жасалған. 28 шаруашылыққа 2,9 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Тұқыммен ауыл шаруашылығы өндірушілері толық қамтамасыз етілген.

«Agro-Trade PV» және «AndasAgro» ЖШС-терінің арқасында биыл ауданның суармалы жер көлемі 1300 гектарға артып, қазіргі таңда 18 500 гектарды құрап отыр.