Павлодар ауданында мал иелері үш жақты шарт жасасуы тиіс
Полицейлер әкімдермен кездесу өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полиция қызметкерлері Павлодар ауданы әкімдігінде әкімнің орынбасары Гүлнәр Сейітқазинаның төрағалығымен өткен бөтен мүлікті ұрлаудың алдын алу жөніндегі жұмыс кеңесіне қатысты. Кеңес Қазақстан Республикасы ІІМ-нің ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.
- Малды сақтау және ұрлық фактілеріне жол бермеу мақсатында, сондай-ақ малды жоғалтқаны немесе ұрлағаны үшін жеке жауапкершілік туралы мал иелері үш жақты шарт жасасуға тиіс: иесі - малшы - айдаушы. Сондай-ақ, бірқатар ауылдық округтерде айыптұрақтарын орнату, айдаушыларды пайдалану мәселесі ашық күйінде қалып отыр, - дейді Павлодар ауданы полиция бөлімінің бастығы Дулат Төкенов.
Жиын барысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау мақсатында елді мекендерде бейнебақылау жүйелерін кеңейту мәселесі де қаралды. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнәр Сейітқазина әкімдер мен ветеринаринарлық инспекция басшысына түйткілді мәселелерді шешуде бірқатар тапсырмалар беріп, нақты мерзімдері айтылды.
Айта кету керек, статистикалық деректерге сәйкес ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша аудан аумағында мал ұрлығының 14 фактісі тіркелген.