Павлодар ауданында жаппай қырылған жылқылардан сынама алынды

Павлодар ауданында жаппай қырылған жылқылардан сынама алынды

Мамандардың болжауы бойынша  жануарлар жем-шөптен улануы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Белгісіз себеппен қырылған жылқылар осыдан үш күн бұрын Максимовка мен Розовка ауылдарының арасында табылған болатын. Мамандар олардың қауіпті жұқпалы аурулардан өлмегенін бірден мәлімдеді. 

- Бірақ малдың өлімінің себебін анықтау үшін сараптамаға сынамалар алынды. Оның нәтижелері бірнеше күннен кейін дайын болады. Жылқылардың жаппай қырылғаны туралы хабарланғаннан кейінгі бірінші күні ветеринарлар 27 жануардың мәйітін тапты. Барлығының іші ісінген. Сарапшылар сібір жарасының белгілерін таппады.​ Мамандар мал өліміне жем-шөптен улану себеп болды деп болжайды. Олар дереу патологиялық материалды сараптамаға жіберді. Жануарлардың асқазан-ішек жолдары толып кеткені байқалды. Бірінші күдік - ағзаның улануы. Жылқылар дірілдеп, жүре алмай тұрды,-деді Павлодар облысының бас мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторы Рашид Нұрбеков. 

Жылқылардың барлық табыны мал базасында оқшауланған. Үшінші күні ветеринарлар олардың жағдайын бақылап, әлсіздерінің температурасын өлшейді. 

Жуырда табын қысқы қара бидай егілген егістік алқаптарына жіберілген. 

- Біз зертханалық зерттеулерді күтеміз. Қорытынды қолымызға тигеннен кейін бәрі белгілі болады, - деді мал фермасының қызметкері Андрей Божок. 

Өлген жануарлардың көп бөлігі далада жерленген. Белгілі болғандай, ауылда арнайы мал қорымы жоқ. 

- Біз жануарлардың неден өлгенін нақты білмейміз. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін олар бірден траншея қазып, барлық мәйіттерді өртеп жіберді. Олар шұңқырды жермен жауып тастады, енді оны күзетіп жатырмыз, - деді ветеринарлық фельдшер Әмір Әбілғазинов. 

Ветеринарлық қызметтің мәліметінше, барлық мал басы, оның ішінде жылқы да қауіпті инфекцияларға қарсы вакцинацияның барлық түрінен өткен. Ветеринарлар бұл жерде инфекция ошағы жоқ екеніне сенімді. Қан сынамалары алынып, Астана қаласының ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталығына жеткізілді. ​ Елді мекендегі эпидемиологиялық жағдай бақылауға алынды.

Еске сала кетейік, осы жазда яғни 14 шілдеде Железин ауданы Башмачное ауылында «Асан» шаруа қожалығының 37 ірі қарасы қырылып қалған болатын. Сиырлардың қырылып қалуына су себеп болған. Облыстық зертханада су сынамалары зерттелген болатын.