Павлодар көшелеріндегі қар тазалау жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков қаланы қардан тазарту барысын жеке бақылауына алып, жұмыс қарқыны мен өтінім беру жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Күн сайын Павлодар қаласында қар тазалау жұмыстарына шамамен 250 жұмысшы шығып, 300-ге жуық арнайы техника жұмылдырылады. Қала әкімі Хасар Хабылбеков өзінің Instagram парақшасында мәлімдегендей, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
– Ең алдымен көлік қозғалысы қарқынды жолдар, жаяу жүргіншілер жолдары, әлеуметтік нысандардың кіреберіс жолдары, сондай-ақ тұрғын үйлердің аулаларына апаратын жолдар тазартылады. Жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарына тұрақты түрде мұзға қарсы материалдар себіледі. Бұған қоса, қоғамдық көлік аялдамалары, жаяу жүргіншілер жолдары және жол жиегі бөліктері де тазалануда, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Қар тазалау бойынша өтінімдерді әкімнің жеке парақшасына, сондай-ақ қала әкімдігінің ресми парақшасына және 109 қызметіне жолдауға болады. Бұл бағыттағы жұмыстар әкімдіктің тұрақты бақылауында.