Павлодар колониясында төрт адам өздерін шегемен жарақаттады
№46 мекемеде сотталушылардың өздеріне жарақат салуына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, 29 наурызда ең жоғары қауіпсіздік колониясының төрт сотталушысы әртүрлі уақытта жарақат алған.
– Олардың мұндай әрекетке баруына колония әкімшілігі тарапынан ескерту жасауы себеп болған. Яғни, сотталғандардың бейнебақылау камераларын жауып қойғаны үшін ескерту жасалған. Ер адамдар өздерін жарақаттау үшін шегелерді қолданған. Пышақ жарақаттары болған жоқ, – дейді департаментте.
Аталған фактілер бойынша қызметтік тексеру тағайындалып, болған жайт Павлодар полициясы Солтүстік бөлімінің ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген. Сонымен қатар, түзеу мекемесіне ҮЕҰ өкілдері мен Павлодар облысының адам құқықтары жөніндегі уәкілі келген.
ҚАЖД мәліметтері бойынша, ауруханаға жеткізілген алғашқы сотталған – 32 жастағы ер адам. Ол ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған. Тағы бір 23 жылға сотталған 32 жастағы тұтқын кісі өлтіру мен қарақшылық үшін жазасын өтеуде.
Бұрын ұрлық жасағаны, есірткі сақтағаны, өткізгені және тонау үшін 45 жастағы сотталған адам алты рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
36 жастағы ер адам кісі өлтіргені үшін 13 жылға және төрт айға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ ұрлық жасағаны үшін соттылығы бар.