Павлодар мен Астананың арасы қайтадан жақындай түседі
Келесі аптадан бастап тұрғындар елордаға ұшақпен жете алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Павлодар әуежайы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 қазаннан бастап Павлодардан Астанаға және кері бағытта әуе қатынасы жандандырылады.
– Сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері Астанаға тұрақты рейстер орындалады. Билеттер сатылымда,– делінген хабарламада.
Жолаушыларды «SCAT Airlines» әуекомпаниясының ұшақтары тасымалдайды. Билет құны 5 мың теңгеге қымбаттады. Бұған дейін 10 мың теңге болса, қазір билеттер құны 15 мың теңгені құрайды.
Еске сала кетейік, былтыр «SCAT Airlines» әуекомпаниясы Астанадан Павлодарға сағат 10:30-дан 11:10-ға дейін, Павлодардан Астанаға 12:10-нан 13:00-ге дейін сейсенбі, сәрсенбі, жұма, сенбі және жексенбі күндері ұшатын. Кейіннен рейс тоқтатылды. Павлодардан тек Алматыға ғана ұшу мүмкін болды. «FlyArystan» авиакомпаниясы Алматыға аптасына 14 рейс кезеңділігімен ішкі авиарейстер орындайды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, әуежайдың ұшу-қону жолағы реконструкциядан өткеннен кейін жаңа рейстерді енгізу бойынша ұсыныстар қарастырылады.