Павлодар мұғалімдері алтын есімді ұстаздар кітабына енеді

Павлодар мұғалімдері алтын есімді ұстаздар кітабына енеді
Фото: автор

Мектеп табалдырығын аттаған әрбір балаға алғашқы әліппесін үйретіп, өмірлік жолға бағыт беретін тұлға ол ұстаз, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Ұстаз – ұлттың рухани байлығының иесі, ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы. Естай атындағы мәдениет сарайында өткен мерекелік шарада Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков сөз сөйлеп, ұстаздарды мерекемен құттықтады. 

– Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз. Ұстаз еңбегі – өлшеусіз. Олар тек білім беріп қана қоймайды, адамдық қасиеттерді дарытып, шәкіртін өмірге баулиды. Бүгінгі күні ұстаздарға мемлекет тарапынан қолдау жасалып, шығармашылықпен жұмыс істеуіне жағдай жасалып отыр, – деді ол. 

Әлихан Бөкейхан атындағы лицей мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер Камал Жомартова – осы асыл мамандықтың мерейін үстем еткен ардақты жан. Оның ұстаздыққа деген құштарлығы бала кезінен басталған.

– Менің ұстаздарым мейірімді, ақжарқын еді. Соларға ұқсағым келді. Содан бері кішкентай балалармен жұмыс жасау менің арманым болды. 33 жылдық педагогикалық еңбек жолында жүздеген шәкірт тәрбиеледім,   – дейді ол. 

Ұстаз екінші сыныпқа арналған «Жаратылыстану» оқулығының тең авторы, бірнеше жыл бойы Ұлттық тестілеу орталығында тест тапсырмаларын құрастырушы-сарапшы ретінде еңбек етіп келеді. 

Сондай-ақ, Павлодар өңірінде өз еңбегімен дараланған ардагер ұстаздар да бар. Аталмыш мұғалімдер Ұстаздар күніне орай шығарылған алтын есімді ұстаздар кітабына енді. Олардың арасында 48 жылдық еңбек өтілі бар Гауһар Бекмурзинова география пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол ұстаздықты жүрек қалауымен таңдағанын айтып берді.

– Қайта өмірге келсем де, тағы да ұстаздық жолды таңдар едім. Есімім алтын есімді ұстаздар кітабына енетініме сенемін, – дейді ол.

Жас мамандар ішінде, музыка пәнінің мұғалімі Ильяс Қуандықов ұстаздық жолын биыл ғана бастаған. Ол оқушыларға заманауи әдістерді қолданып, музыканы сүйікті пәнге айналдыруды басты мақсат етіп қойған. 

– Ата-анамның айтуынша бала кезімде мен директор болуды арманадаған едім. Бірақ осы мамандыққа мен таңдап түстім. Жүрегімнің қалауына бір сәт болсын үңілдім – деді ол. 

Шара барасында ұстаздардың ұзақ жылғы еңбегі лайықты марапаттармен де аталып өтті. Соның ішінде:  «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен алты адам, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен бір адам, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы бір адам, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттары төрт адам, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен төрт адам, облыс әкімінің алғыс хаттарымен төрт адам, қала әкімінің Құрмет грамотасымен 10 адам, қала әкімінің алғыс хаттарымен 10 адам марапатталды.