Павлодар облысы балалардың құқықтарын қорғау басқармасына жаңа басшы келді

Павлодар облысы балалардың құқықтарын қорғау басқармасына жаңа  басшы келді
Фото: Валерий Бугаев

Ол облыс әкімінің өкімімен тағайындалды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Павлодар облысы балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы болып Қалиева Зәуреш тағайындалды.

Зәуреш Жақсылыққызы 1977 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді, білім беру саласы мен мемлекеттік қызметте көп жылдық еңбек тәжірибесі бар.

Еңбек жолын 1996 жылы Павлодар қаласындағы №12 орта мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейінгі жылдары әлеуметтік педагог, Павлодар қаласындағы №2 жалпы орта білім беру мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сондай-ақ №20 лицей-мектебі директорының орынбасары қызметтерін атқарды.

Мемлекеттік қызметке 2011 жылы келді. Әр жылдары мектепке дейінгі мекемелер секторының бас маманы, қорғаншылық және қамқоршылық секторының меңгерушісі, Павлодар қалалық білім беру бөлімінің ұйымдастыру жұмысы секторының меңгерушісі лауазымдарында жұмыс істеді. 2019-2024 жылдары Павлодар қаласы білім беру бөлімінің басшысының орынбасары қызметін атқарды. Одан кейін Павлодар ауданының білім беру бөлімін басқарды.

Осы қызметке тағайындалғанға дейін Павлодар қаласы білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымы филиалының төрағасы болды.

Суреттерді түсірген  - Валерий Бугаев