Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшы тағайындалды
Бұған дейін ол Алматы қаласындағы емхананы басқарған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімінің өкімімен Әнуар Бұйрашев Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Әнуар Бұйрашев 1980 жылы туған, жоғары білімі бар. 2003 жылы Қазақ мемлекеттік медицина университетін «Дәрігер» мамандығы бойынша, 2011 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Экономика бакалавры» мамандығы бойынша, 2017 жылы «Менеджмент» мамандығы бойынша Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің магистратура бағдарламасын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2005 жылы «Б. Жарбосынов атындағы урологиялық ғылыми орталығы» АҚ сәулелік диагностика және рентгенэндоурология бөлімшесінің кіші ғылыми қызметкері ретінде бастап, кейін аталған бөлімшенің басшысы қызметін атқарды.
2014-2017 жылдар аралығында «Ұлттық онкология және трасплантология ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Б. Жарбосынов атындағы урологиялық ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасының қаржы-экономикалық қызмет жөніндегі орынбасары болып қызмет етті.
2017-2019 жылдары «Ұлттық онкология және трасплантология ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып еңбек етті.
2020-2022 жылдары дәрігер Орынбаевтың медициналық орталығының бас дәрігері, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Алматы қаласындағы № 32 қалалық емханасының бас дәрігері болды.