Павлодар облысына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы келді
Дархан Жазықбаев аймақ басшысы Асайын Байханов және өңірдің мемлекеттік қызметшілерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Дархан Жазықбаев мемлекеттік аппаратты жаңғырту жөніндегі Агенттіктің кешенді жұмысы туралы баяндады.
Жаңашылдықтардың ішінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қашықтан мониторинг жүргізу арқылы қызметті алушылардың құқықтарын қорғауды және мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтуды атап өтті. Сондай-ақ, Президенттік жастар кадрлық резервінің іске қосылуы және барлық облыстарда өңірлік жастар кадрлық резервтерін құру жоспарларымен бөлісті.
Асайын Байханов құзыретті және кәсіби кадрлар – азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың кепілі екенін атап өтті. Облыс әкімі өңірде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған сервистік моделін қалыптастыру бойынша жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.
Өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің арасында төртеуі – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, екеуі – PhD докторы, оның бірі мемлекеттік қызметші ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген, үш қызметші – Президенттік кадр резервінен.