Павлодар облысындағы Қалқаман көпірінің жағдайы не болды?
Тілшілерді қызықтырған сұраққа облыс әкімі жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде «Қызылорда-Павлодар» автожолында экскаватор тиелген жүк көлігі бұзған көпірдің жағдайы туралы мәлімдеді.
Ақсу ферроқорытпа зауытының қаражаты есебінен уақытша айналма жол құрылды. Қазіргі уақытта көпірге техникалық тексеру жүргізіліп жатыр.
– Егер мемлекеттік сараптама көрсеткендей көпірді толықтай бөлшектеп қайта жинау қажет болса, бұл процесс алты-сегіз айға дейін созылуы мүмкін. Ал егер жөндеу жеткілікті деп танылса, жөндеу жұмыстары бірнеше ай ішінде аяқталады, – деді Асайын Байханов.
Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда құрылыс сараптамасы әлі жасалған жоқ. Барлық шешімдер сараптама қорытындысына сәйкес жүйелі түрде қабылданады.
Еске сала кетейік, 21 қараша күні SHACMAN маркалы жүк көлігінің жүргізушісі экскаваторды тасымалдап жатқан тұста, көпірге соққы берген. Жүргізуші экскаватордың шөмішін тым жоғары көтеріп, көпірден өту биіктігі – 5,5 метр талабын сақтамаған. Соның салдарынан экскаватордың шөміші көпірдің төменгі бөлігіне соғылып, темірбетон құрама-монолитті конструкцияның екі ортаңғы арқалығын зақымдаған. Оның ішінде шеткі арқалық ең көп зиян шеккен.