Павлодар облысындағы кәсіпорындар атмосфераға түсетін жүктемені азайтты

Павлодар облысындағы кәсіпорындар атмосфераға түсетін жүктемені азайтты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

2025 жылға арналған облыс бойынша шығарындылардың жалпы лимиті 901,54 мың тоннаны құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өнеркәсібі дамыған негізгі өңірлердің бірі – Павлодар облысында энергетика, қара және түсті металлургия, тау-кен өндірісі, мұнай өңдеу және химия өнеркәсібі сияқты ірі салалардың кәсіпорындары жұмыс істейді.

Облыстық экология департаментінің мәліметінше, биыл жалпы шығарындылар лимиті өткен жылмен салыстырғанда 24,6 мың тоннаға азайған. Былтыр бұл көрсеткіш 926,2 мың тоннаны құраған. 901,54 мың тоннаның 386,85 мың тоннасы Екібастұзға, 278,6 мың тоннасы Ақсуға, 225,29 мың тоннасы Павлодар қаласына тиесілі.

Мамандар шығарындылар лимитінің төмендеуін жобалық шешімдерді қарастыру кезінде соңғы үш жылдағы нақты деректерге негізделген шектеулермен түсіндіреді.

– Соңғы жылдары облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары шығаратын ластаушы заттардың нақты көлемі жылына 700 мың тоннадан астам болды, – деп хабарлады ведомствода. – Алайда талдау жалпы эмиссия көлемінің төмендеу үрдісін көрсетіп отыр.

Мысалы, 2021 жылы бұл көрсеткіш 730,2 мың тоннаны, 2022 жылы – 726,5 мың тоннаны, 2023 жылы – 703,97 мың тоннаны, ал 2024 жылы 697,47 мың тоннаны құрады.

– Алғаш рет нақты шығарындылар 700 мың тоннадан төмен болды, – деді экологтар. – Өндірістік қуаттарды арттыра отырып, өнеркәсіп кәсіпорындары қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту бағытында ең озық қолжетімді технологияларды қолдануда.

ERG тобына кіретін төрт компания – «Қазақстан алюминийі» АҚ, Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Еуразиялық энергетикалық корпорация» және «Қазақстан электролиз зауыты» – 2030 жылға дейін қатты бөлшектердің шығарындыларын 50 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік беретін бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Инвестиция көлемі 178 миллиард теңгені құрайды.

Сондай-ақ департаментте «Қазгидромет» бақылау бекеттерінде атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жүргізілетінін хабарлады. Оның деректеріне сәйкес, Павлодар қаласындағы ауаның ластану деңгейі атмосфералық ауаның ластану индексі бойынша «төмен» (АЛИ = 3) деп бағаланған.

Облыс қалаларындағы атмосфералық ауаның сапасын Air.kz мобильді қосымшасы арқылы да бақылауға болады.