Павлодар облысында ҚҚС бойынша салық хабарламалары таратыла бастайды

Павлодар облысында ҚҚС бойынша салық хабарламалары таратыла бастайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Салық төлеушілерге анықталған бұзушылықтарды жоюға 30 жұмыс күні беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, қыркүйекте салық есептілігінде қосылған құн салығының сомасын төмендету фактілері бойынша камералық бақылау хабарламалары жіберіле бастайды.

Хабарламалар электрондық шот-фактуралар мен 300.00-нысандағы декларация деректерін салыстыру арқылы автоматты түрде қалыптастырылады.

ҚҚС асып кетуін қайтаруды талап еткен салық төлеушінің өнім берушісінде тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілген қызметтер бойынша салық сомасының төмендетілгені анықталса, камералық бақылау хабарламасы жіберіледі.

– Хабарламаны орындау мерзімі ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күнін құрайды, – деп хабарлады ведомстводан.

Егер салық төлеуші анықталған бұзушылықпен келіссе, 300.00-нысан бойынша қосымша салық есептілігін ұсынуы қажет. Келіспеген жағдайда растайтын құжаттарды тіркеп, бұзушылықтың жоқтығын негіздейтін жазбаша түсініктеме жіберуі тиіс.

Мамандар салық төлеушілерге электрондық шот-фактуралардағы мәліметтерді декларация көрсеткіштерімен алдын ала салыстырып, ЭШФ ақпараттық жүйесі мен Салық төлеушінің кабинетін тұрақты тексеріп отыруды ұсынады.

Белгіленген мерзімде бұзушылықтар жойылмаса, мемлекеттік кірістер органдары Салық кодексіне сәйкес салықтық тексеру тағайындай алады.