Павлодар облысында құрылыс саласының үздік мамандары марапатталды

Павлодар облысында құрылыс саласының үздік мамандары марапатталды
Фото: Валерий Бугаев

Асайын Байханов құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы жылдары өңірде 1,5 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. «Достық» және «Сарыарқа» шағын аудандары белсенді дамып келеді, ал аудандарда оннан астам көппәтерлі үй салынды. Павлодарда 1800 орындық екі жаңа мектептің, сондай-ақ Тілектес және Бірлік ауылдарында жаңа мектептердің құрылысы аяқталды. Ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда: көпір салынуда және әуежайдың ұшу-қону жолағы қайта жаңартылуда. Бұл өңірдің көлік логистикасын едәуір жақсарта түседі.

– Ел Президенті 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған болатын. Соған сәйкес биыл жұмысшы мамандықтардың мамандарына ерекше назар аударылуда. Солардың қатарында құрылысшылар айрықша орын алады. Әрбір бой көтерген нысанның артында сіздердің еңбектеріңіз, тәжірибелеріңіз және шеберліктеріңіз жатыр, – деп атап өтті облыс әкімі. – Жоғары кәсібилік пен жауапкершіктің арқасында облыс тұрғындарының өмірін жақсартатын инфрақұрылым, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар салынуда. Аймақтың дамуына қосқан зор үлестеріңіз үшін алғысымды айтамын. Біз бірлесіп ғимараттар тұрғызып қана қоймай, болашақты салудамыз.

Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының көлемі 17%-ға өсті. Мұз сарайы мен конгресс холлды қоса алғанда, төрт жаңа әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу жоспарлануда.

Мерекеге орай Асайын Байханов құрылыс саласының үздік мамандарына мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыс етті.

«Гордострой» ПФК компаниясының механигі Сергей Безуглов және «Архпроект PLUS» сәулет бюросының бас инженері Әсел Сапарова «Құрмет» орденімен марапатталды.

Құрылыс саласын дамытуға қосқан көп жылғы адал еңбегі мен үлесі үшін бірқатар қызметкер «Ерен еңбегі үшін» медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен  марапатталды.

Өңірдің жетекші кәсіпорындарының өкілдеріне ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хаттары, сондай-ақ Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының марапаттары және ҚР индустрия және құрылыс министрінің Құрмет грамотасы табыс етілді.