Павлодар облысында қандастардың көбі Моңғолиядан келеді
Екінші кезекте ресейлік отандастарымыз тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалы 1998 жылғы 19 мамырда құрылды.
Қоғамдық бірлестік ашылғаннан бері ұйымды Болат Заут басқарып келеді. Бірлестік басшысы ұйымның биылғы жылғы жұмыстары жайлы сөз тарқатты.
– Қауымдастықтың жарғысына, филиалдың ережесіне сәйкес, заңды тұлға ретінде тұрақты жұмыс жасаумен қатар 2019 жылдан бері «Отандастар» қоры фронт кеңсе сарапшы міндетін қоса атқарудамыз. Фронт кеңсеге әр айда кем дегенде 40-ға жуық қандас өз мәселесімен келеді, – дейді Болат Заут.
Биылғы жылдың басынан бері ресми мәліметке сүйенсек, оңтүстік өңірлерден 1700-ге жуық адам, 717 этникалық қандас шет елден көшіп келіп, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына кірді.
– Оның ішінде Моңғолиядан – 442 адам, Ресейден – 84 адам, Қытай елінен – 75 адам, Өзбекстаннан – 68 адам, Түркіменстан елінен – 43 адам, Ауғанстаннан 5 адам көшіп келді, – дейді Болат Заут.
Бірлестік қандастарға шетел құжаттарына аударма жасап рәсімдеу, ЖСН алудан бастап қандас мәртебесін алу, тұрақты мекенжайға тұру, ықтиярхат пен Қазақстан Республикасының азаматтығына құжат тапсыру, өңірлік квотаға кіру, жұмысқа орналасу, бизнес бастау, университет, қолледжге оқуға түсу сынды шараларға ақыл-кеңес беріп, көмек көрсететді.
– Қандастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан материалдық көмектер жөнінде айта кетсем, облысқа көшіп келген қандастарға және олардың мүшелеріне, отбасы жағдайына қарамастан жалғызбасты адамдарға дейін материалдық көмек беріліп жатыр. Мәселен, тұрғын үйді сатып алуға, салуға немесе алғашқы жарна ретінде пайдалануға тұрғын үй құнының 50 пайызын, 4 миллион тенгеден аспайтын сомада беріледі, – дейді Болат Заут.
Сондай-ақ, шет елден көшіп келген қандастарға ақшалай қаржы ретінде көмек көрсетіледі. Әр адамға бір мәрте 70 АЕК (241500 теңге) ақшалай көмек беріледі.
Айтар кету керек, қалалық жерлерге қоныстанғандар үшін бір адамға – 20 АЕК (69 000 теңге), егер отбасының мүшесінің саны 2-4-ке дейін болса – 25 АЕК (86 250 теңге), отбасы мүшелерінің саны 5 және одан көп болса – 30 АЕК (103 500 теңге) мөлшерінде ақша төленеді. Ал ауылдық жерлерге қоныстанатын болса, бір адам үшін – 15 АЕК (51750 теңге), ал отбасының саны 2-4 дейін болса – 18 АЕК (62100 теңге) мөлшерінде беріледі. Егер отбасы мүшесінің саны 5 және одан көп болса, 21 АЕК (72450 теңге) ақша төленеді.