Павлодар облысында қар құрсауында қалған жұмысшылар құтқарылды

Павлодар облысында қар құрсауында қалған жұмысшылар құтқарылды

Оларды полиция қызметкерлері жылыту пунктіне жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі «ПавлодарСоль» зауытының 13 жұмысшысы қар құрсауында қалып қойды. Олар іссапардан кейін үйлеріне қайтып келе жатқан.

Кешкі сағат шамамен 23:00-де жұмысшылар мінген көлік Екібастұз өңіріндегі Солнечный кентінің маңында қарға батып, жолда тоқтап қалған. Сол сәтте олар бірден 102 нөміріне хабарласқан.

– Хабар түскеннен кейін Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері көрсетілген жерге дереу жетіп, жұмысшыларды эвакуациялап, Солнечный кентіндегі №16 орта мектепте орналасқан жылыту пунктіне жеткізді. Барлық жұмысшыға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үсік шалу белгілеріне тексерілді. Сонымен қатар оларға тамақ беріліп, демалуға арналған орындар ұйымдастырылды, – делінген хабарламада.

Жұмысшылар тәртіп сақшыларына жедел көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.