Павлодар облысында «Қауіпсіз балалық шақ» акциясы жалғасады

Іс-шаралар кешені балалардың өмірін қауіп-қатерден аман алып қалуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жазғы маусым қарсаңында 5 мамыр мен 31 тамыз аралығында облыста балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша «Қауіпсіз балалық шақ» акциясы өткізіледі. Оған «Қауіпсіз су айдыны», «Қауіпсіз терезе», «Қауіпсіз аттракцион» және тағы басқа акциялар мен науқандар кіреді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында айтылды.
– Жыл сайын жазғы маусым алдында мектеп оқушылары, колледж студенттері арасында қауіпсіздік техникасын сақтау, көшеде, су айдындарында болу кезінде, жаз кезінде мінез-құлық ережелерін сақтау, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша нұсқаулықтар өткізілетін болады, – деп атап өтті білім басқармасының басшысы Самал Айтқазина.
Мысалы, былтыр «Қауіпсіздік десанты» акциясы шеңберінде облыстық қалалары мен аудандарында елді мекендер, аула аумақтарында балаларға қауіп төндіретін орындарды, яғни ашық құдықтар, қоршалмаған жиынтықты трансформаторлы қосалқы станциялар, құрылысы аяқталмаған немесе қараусыз қалған ғимараттар, жабдықталмаған жағажайлар және өзге де нысандар, оқу орындары мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының аумағында стандартты емес спорттық құрал-жабдықтарды анықтау бойынша мониторинг жүргізу ұйымдастырылды.
– Балалар мен ата-аналарды барынша ақпараттандыру үшін білім беру ұйымдарының сайттарында, Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде, WhatsApp топтарында жаднамалар орналастырылған, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша SMS-ескертулер таратылды. Аталған іс-шаралардың қорытындысы - балалардың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады, – деді Самал Айтқазина.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында әкімдер жазғы уақытта балалардың қауіпсіздігіне ден қояды. Жаз мезгілінде 109 мыңнан астам оқушының демалысын, сауықтырылуы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жоспарлануда.