Павлодар облысында ҚАЖ департаментінде жаңа басшы тағайындалды

Ол соңғы төрт жыл Астанада жұмыс істеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде әділет полковнигі Дәулет Рақымбековті жаңа департамент басшысы ретінде ресми таныстыру өтті. Ол аталған қызметке Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 8 қазандағы бұйрығымен тағайындалған.
Жаңа басшыны жеке құрамға Ішкі істер министрінің орынбасары – Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы, әділет полковнигі Абай Қайырбеков таныстырды.
Сөз барысында Абай Қайырбеков жоғары тәртіп, кәсібилік және қызметке жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Павлодар облысы кадрлық тұрақтылық пен нәтижелі жұмыстың жарқын үлгісі болып табылатынын жеткізді. Ол жаңадан тағайындалған басшы ұжымның алға қойған міндеттерін тиімді орындайтынына, оң дәстүрлерді жалғастырып, жаза орындау барысында заңдылықты қамтамасыз ететініне сенім білдірді.