Павлодар облысында «Қосақ» өткізу пунктінде электрондық кезек жүйесі іске қосылады

Павлодар облысында «Қосақ» өткізу пунктінде электрондық кезек жүйесі іске қосылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«CarGoRuqsat» жүйесі шекарадан өтудің жеделдігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының мәліметінше, 26 қыркүйектен бастап «Қосақ» өткізу пунктінде «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі жұмыс істей бастайды.

Қазақстан аумағынан автомобиль өткізу пункттері арқылы шығуды жоспарлап отырған тасымалдаушылар «CarGoRuqsat» қосымшасы арқылы электрондық кезектен орын брондауға тиіс.

Ол үшін https://cgr.qoldau.kz/ru/start сілтемесі бойынша өту керек, «CarGoRuqsat» қосымшасына тіркелу және кіру, өткізу пунктін таңдау, шекарадан өту күні мен уақытын көрсету, жүргізуші мен автокөлік туралы деректерді толтыру қажет. Өтінім мақұлданғаннан кейін шекарадан өту үшін өткізу пунктіне уақтылы келу керек.

«CarGoRuqsat» жүйесі шекарадан өтудің жеделдігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді, жүк автомашиналарының жиналуына жол бермеуге ықпал етеді, мемлекеттік кірістер органдарына тәуекелдерді басқару жүйесін автоматты режимде қолдануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, «CarGoRuqsat» мемлекеттік органдардың 17 ақпараттық жүйесімен біріктірілген, соның есебінен тасымалдаушылар айыппұлдар мен берешектердің болуы, тауарларды өткізу үшін тиісті құжаттарды ресімдеу қажеттілігі және т. б. туралы ақпаратты алдын ала алады.

Павлодар облысында «CarGoRuqsat» жүйесі «Найза», «Амангелді», «Шарбақты», «Үрлітөбе»  автомобиль өткізу пункттерінде табысты жұмыс істеуде.

Бүгінгі таңда электрондық кезекті брондау жүйесі Қазақстанның Қытаймен, Өзбекстанмен, Түркіменстанмен шекарасында сәтті іске асырылды.