Павлодар облысында үш мың жұмысшының еңбек қауіпсіздігіне назар аударылды

Павлодар облысында үш мың жұмысшының еңбек қауіпсіздігіне назар аударылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында қорғаныс құралдары мен қажетті жабдықтардың жеткіліксіздігі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық прокуратура ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігі мәселелерін талқылады. Дөңгелек үстелге кәсіпорын басшылары мен мамандар қатысты.

Жиында жабық резервуарларда жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздікке ерекше назар аударылды. Мұндай нысандарда адам өміріне қауіпті химиялық заттар жиналуы мүмкін.

Облыста осындай нысандары бар бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында шамамен үш мың адам еңбек етеді. Жүргізілген талдау жұмысшылардың қорғаныс құралдары және қажетті жабдықтармен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмегенін көрсетті.

– Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілік бірінші кезекте басшыға жүктеледі. Қауіпсіз еңбек жағдайы мен қажетті қорғаныс құралдарын қамтамасыз етпей, жұмысшыны жұмысқа жіберуге жол берілмейді, – деді облыс прокуроры Алмат Байшулаков.

Талқылаудан кейін қатысушыларға арнайы алаңда жабық резервуарлардағы жұмыстарды қауіпсіз орындау тәртібі көрсетілді. Сондай-ақ төтенше жағдай туындаған кезде әрекет ету жолдары түсіндірілді.