Павлодарда ұлы ағартушылардың мұрасын зерттеген оқушылар марапатталды
Байқауға аймақтың түкпір-түкпірінен дарынды оқушылар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Оқушылар сарайында ұлы қазақ ағартушылары – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына арналған «Тарихқа тағзым» атты облыстық жоба байқауы өтті.
Іс-шара өскелең ұрпақтың қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетінің дамуына баға жетпес үлес қосқан тарихи тұлғаларға деген саналы көзқарасын қалыптастыруды көздеді. Қатысушылар ұлы ағартушылардың мұрасын терең зерттеп, олардың қазақ халқының қалыптасуына қосқан үлесін айқындаған жобаларын ұсынды.
– Байқау тәжірибе алмасуға және шығармашылық идеяларды көрсетуге арналған ерекше алаңға айналды. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, тарихи материалдарды терең талдау қабілетін және жобаларын креативті түрде таныстыру шеберлігін көрсетті. Ұсынылған жұмыстар Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің әдебиет, мәдениет және қоғамдық ойдың дамуына қосқан үлесінің маңыздылығын айқын көрсетті, – деді ұйымдастырушылар.
Байқауға аймақтың түкпір-түкпірінен дарынды оқушылар қатысып, әртүрлі тақырыптағы жобаларын ұсынды. Нәтижесінде І орынды Екібастұз қаласының «Алаш алыптар» командасы жеңіп алды. ІІ орынды Ертіс ауданының «Алаш жолы», Май ауданының «Ұлы тұлғалар», Тереңкөл ауданының «Үш шынар» командалары иеленді. ІІІ орынға Тереңкөл ауданы «Үш бәйтерек», Павлодар ауданының «Қыран», Успен ауданының «Приоритет», Тереңкөл ауданының «Сана», Аққулы ауданының «Арыным» командалары ие болды.