Павлодар облысында ҰОС ардагерлеріне 2 млн теңгеден беріледі
Қазіргі таңда өңірде 12 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Балтабай Қаппасов мәлім етті.
– Оның ішінде Павлодар қаласында - 7, Ақсу және Екібастұз қалаларында, Ертіс, Павлодар, Баянауыл аудандарында бір ардагерден тұрады. Жеңіс күні қарсаңында ардагерлердің шоттарына 2 миллион теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі, сондай-ақ 34 500 теңге сомасына азық-түлік жиынтығы табысталады, – деді Балтабай Қаппасов.
Сондай-ақ басқарма басшысының айтуынша, 1300-ден астам аймақ тұрғынына 150 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек қарастырылған. Олар – Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль атом-электр станциясындағы апатты жоюға қатысушыларға, тәжік-ауған учаскесінде ТМД шекарасын қорғаған және басқалары. Бұдан басқа, тыл еңбеккерлеріне, қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен басқа да санаттарға 30 мыңнан 100 мың теңгеге дейін қарастырылған. Жалпы мереке күндері 6 мыннан астам адамға біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады.
9 мамырда барлық қалалар мен аудандарда Даңқ ескерткіштеріне дәстүрлі гүл шоқтары қойылады. Бүкіл республика бойынша «Ер есімі – ел есінде» патриоттық шеруі арнайы құрылған платформада онлайн-форматта өткізіледі. Бұл әрбір тілек білдірушіге Ұлы Отан соғысына қатысушы туыстары туралы деректерді орналастыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Асайын Байханов бұл бағытта ақпараттық жұмысты күшейтуді, әлеуметтік желілерде түрлі іс-шараларды ұйымдастыруды тапсырды.