Павлодар облысында әуесқой алпыс балықшы жазаға тартылды
Олар балық аулау ережелерін бұзған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау саласындағы құқықбұзушылықтардың, сондай-ақ аңшылық пен балық аулау ережелерін бұзудың алдын алу бойынша шаралар жүргізуде.
Іс-шара басталғалы бері балық аулау және аңшылық қағидаларын түрлі деңгейде бұзғаны үшін 60 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Мысалы, Екібастұзда балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін жеті адам, ал қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін алты қару иесі жауапқа тартылды. Рейдтік іс-шаралар барысында ГРЭС-1 су қоймасында рұқсатсыз әуесқойлықпен балық аулау фактісі анықталды. Жергілікті тұрғын бекітілген су айдынында балық аулауға жолдамасы жоқ бола тұра әуесқойлықпен балық аулаған, бұл Қазақстан Республикасының Балық аулау қағидалары талаптарының бұзылуы болып табылады. Аталған құқықбұзушылық бойынша ер адамға қатысты әкімшілік материал толтырылды, – деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаментінде.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасын сақтау мәселелері бойынша халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.