Павлодар облысында өрт қауіпті кезеңі ерте басталды
Өрт сөндірушілер өңір тұрғындарынан абай болуды және орманға қасақана от қоймауды сұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы ТЖ басқармасының бастығы Ринат Валишановтың айтуынша, биыл су тасқыны кезеңі ерте аяқталуына байланысты аймақта өрт қауіпті кезеңі екі аптаға ерте басталды. Өрт сөндірушілердің болжамынша, әдетте өрт қауіпті маусымы наурыздың соңғы күндері басталады. Сондай-ақ бұл жағдай табиғи факторлармен де байланысты болып отыр.
– Биыл су тасқыны кезеңі екі аптаға ерте аяқталды. Сонымен қатар ауа райының қолайлы болып тұруы да өрт қауіпті кезеңінің ерте басталуына әсер етті, – дейді Ринат Валишанов.
Оның сөзінше, сәуір айында алғашқы өрт Павлодарда Усолка өзені бойында тіркелген. Жайылымда және Павлодар ауданының шабындық жерлерінде 2-3 сәуірге қараған түні 88 гектар жер жанса, кеше Чернорецк ауылдық округінде өрт шыққан.
– Өрттің шығуына көбінесе адами факторлар себеп болады. Осындай жағдайларды болдырмау үшін өрт сөндірушілер әкімдіктермен профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Біз халыққа шыққан өрттің табиғатқа, соның ішінде флора мен фаунаға үлкен зиян келтіретінін түсіндіргіміз келеді. Бұл өрттерде сирек кездесетін өсімдіктер өртеніп кетеді, жануарлар өледі. Тіпті адамдар да өрттің кесірінен қайтыс болатын жағдайлар да болады, – дейді Ринат Валишанов.
Айта кетейік, облыста өрт сөндіру қызметінің күштері мен құралдарын топтастыруда 800 адам және екі өрт сөндіру пойызын қосқанда 190 бірлік техника бар. Ерекше жағдайларда ШҚО мен Астана қаласынан авиация тартылады.
Фото: Константин Шелков және қала әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды