Павлодар облысында «Өрт – 2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды

Павлодар облысында «Өрт – 2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды
Фото: облыстық ТЖД баспасөз қызметінен

Оған 18 облыстық азаматтық қорғау қызметі қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оқу-жаттығулар басқару органдарының, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарының төтенше жағдайларды, оның ішінде орман және дала өрттерін жою кезіндегі іс-қимылдарға әзірлігін арттыру мақсатында жүргізіледі. 

Негізгі іс-шаралар Павлодар облысының «Ертіс орманы» МОТР РММ Майқарағай орманшылығында өтуде. Республикалық штабты Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Рамиль Камалов басқарады. 

– Оқу-жаттығуға жеке құрамның 350 қызметкері, 63 бірлік техникасы, оның ішінде арнайы техника, ұшқышсыз ұшу аппараты және алты әуе кемесі жұмылдырылды. Барлығы 18 облыстық азаматтық қорғау қызметі қатысуда, – деді генерал-майор.

Оқу-жаттығу шеңберінде хабарлау жүйесінің дайындығын тексеру де жүзеге асырылды.

Ауқымды іс-шараға Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің және азаматтық қорғау қызметінің өкілдері қатысуда.

«Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының бірінші кезеңі сағат 09:00-де басталды. «Дабыл-1001» сигналы бойынша мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштері дайындыққа келтірілді. ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығы ауқымды табиғи өрттердің туындау қаупі туралы «Жалын» сигналын жеткізді. Қазіргі жағдайды бағалау және өрттерді жою туралы шешім қабылдау кезінде басқару органдарының іс-қимыл алгоритмі пысықталды. Мемлекеттік органдардан, республикалық оқу-жаттығу штабының мүшелерінен жедел топтар жиналып, оларға қойылған міндеттер жеткізілді.

Оқу-жаттығу шеңберінде екі күн ішінде барлық өңірлерде профилактикалық іс-шаралар кешені, сондай-ақ әрбір ведомство үшін жеке айқындалған тиісті кіріспе бойынша азаматтық қорғау қызметтерімен және құралымдарымен практикалық іс-қимылдар жүргізіледі.