Павлодар облысында 1 қазанға дейін толығымен жылу беріледі

Павлодар облысында 1 қазанға дейін толығымен жылу беріледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс әкімі Асайын Байханов облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста осындай міндет қойды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтың айтуынша, 9 қыркүйектен бастап әлеуметтік нысандарға, 16 қыркүйектен бастап көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беріле бастады. 

Екібастұз, Ақсу қалаларында және барлық аудандарда әлеуметтік нысандарда жылыту маусымы 16 қыркүйекте басталды, – деді Ержан Иманзаипов.

Басқарма басшысы ұсынған мәліметке сүйенсек, 16 қыркүйектегі жағдай бойынша сегіз ауданда әлеуметтік нысандар 100 пайыз жылумен жабдықтауға қосылған,  қалған үш қала мен екі ауданда аталған бағытта жұмыс жалғасуда.  Ақсу қаласында – 44 әлеуметтік нысанның 40-ы, Ертіс ауданында – 63 әлеуметтік нысанның 57-сі, Аққулы ауданында – 54 әлеуметтік нысанның 34-і, Павлодар қаласында – 277 әлеуметтік нысанның 178-і, 1300 көпқабатты тұрғын үйдің 82-сі қосылған. Екібастұз қаласында  79 әлеуметтік нысанның 36-сына жылу берілген.  

Басқарма жылумен жабдықталатын объектілердің қосылуын күнделікті бақылауын жалғастырады, – деп атап өтті Ержан Иманзаипов.

Асайын Байханов 1 қазанға дейін қалаларда әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлер жылумен жабдықтауға қосылуы тиіс екенін атап өтті. 

Аудандарда әлеуметтік нысандар жүз пайыз жылыту жүйесіне қосылған. Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында нысандардың қосылу қарқынын күнделікті бақылауда ұстау керек, – деді аймақ басшысы. 

Еске сала кетейік, 2024-2025 жылдардағы жаңа жылыту маусымына дайындау жөніндегі іс-шара жоспарына сәйкес, биыл Павлодар қаласында жылыту маусымы әдеттегіден бір апта ерте басталды.