Павлодар облысында 200 шақырымнан астам темір жол жаңғыртылады

Бірнеше бағыт бойынша жөндеу жұмыстары жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Rail-news.kz-ке сілтеме жасай отырып.
ҚТЖ Павлодар магистральдік желі бөлімшесінің теміржолшылары 2025 жылы Есеншілік-Едіге, Қырқыншы-Сары-Оба, Ақсу-1 – Ақсу-2, Спутник - Бастау аралықтарында 59,3 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізеді.
Сондай-ақ мынандай жөндеу жұмыстары жоспарланған:
– Екібастұз - Северный-1 және Екібастұз - Северный-2 станциялары бойынша 5,26 шақырым жолды орташа жөндеу;
– СМД-80 машинасын қолданып, ОП-116-Шідерті аралығындағы 15 мыңнан астам темірбетон шпалдарын төсей отырып, 10,2 шақырым жолдағы рельсті тіректі үздіксіз ауыстыру;
– бағыттамалық бұрмалардың 70 жиынтығын үздіксіз ауыстыру.
Ауыр типтегі машиналарды (RM, DM, DGS, PBR, Unimat, DESEC) пайдалану 150 шақырымнан астам теміржол төсемінің күйін жақсартады. Павлодарлық теміржолшылар ластанған балласты терең кесуді, жолды рихтауды, жолды және бағыттамалық бұрмаларды түзету мен ұруды жүргізеді.
2025 жылы Қазақстанда барлығы 1480 шақырым теміржол жөнделеді.