Павлодар облысында ауыл шаруашылығы капиталына инвестиция екі есе көп тартылды
Облыс соңғы бірнеше жылдар бойы бұл бағытта көш бастап келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Агроөнеркәсіп кешенінің дамуында инвестицияларды тарту аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Облыс әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаеваның мәліметінше, жеті айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 143 миллиард теңге көлемінде инвестициялар тартылды. Бұл – көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе артық.
– Биыл 52,7 миллиард теңгеге 33 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, атап айқанда, 15 жоба суармалы жерлерді енгізу бойынша, тоғыз жоба – көкөніс қоймаларын салу және алтауы – тауарлы сүт фермаларының құрылысы, – деді Айгерім Қабылтаева.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі тауарлық-спецификалық субсидиялардан жеңілдікті кредиттеуге кезең-кезеңімен көшу бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл жаңашылдық 2028 жылдың соңынан бастап енгізілетін болады.
Келесі жылдан бастап фермерлерге сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялаудан жеңілдетілген кредиттеуге кезең-кезеңімен көшу басталады. Бұл фермерлерге бірден арзандатылған несие алуға мүмкіндік береді.
– Үстіміздегі жылы көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемі алғаш рет екі еседен астам ұлғайды. Аграрлық несие корпорациясы және Павлодар ауылшаруашылық өндірістік кооперативі арқылы 20,6 миллиард теңге бөлінді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, тауарлық кредиттеу тетігін енгізу бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Тауарлық кредитті орта және ірі ауыл шаруашылығы бизнесінің өкілдері кепіл мүлкі жоқ дара кәсіпкерлер үшін мал, жабдық, көшет және басқа да өндіріс құралдары түрінде беретін болады. Осы тетік шеңберінде тараптар азаматтық құқық нормаларына сәйкес тауарлық кредит шартын жасасады.