Павлодар облысында ауыр жұмыс істейтіндер айына 200 мың теңгеден астам өтемақы ала бастады
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты жәрдемақы көлемі де көтерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндерге көбейтілген төлемдер қарастырылған. Бұл айлық есептік көрсеткішінің 6,5 пайызға өсуіне байланысты.
– Барлығы адамның зейнетақы жинақтарына байланысты төлемдер жеке есептеледі. Бірақ, БЖЗҚ-ны қоспай, орташа есеппен алғанда биылғы жылы республикалық бюджеттен бір адамға 92 мың теңге, ал өмірді сақтандыру компаниясы мен жұмыс берушілер 46 мың теңге бөледі, – деп атап өтті халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедова.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының есептеулерін ескере отырып, бір адамға төленетін төлем мөлшері 200 мың теңгеден асуы тиіс.
Биыл Павлодар облысында 1626 адам арнаулы әлеуметтік жәрдемақы алуға өтініш берсе, 1541 жұмысшының өтініші қанағаттандырылған. 1302 адам төрт көзден ақшасын алып үлгерген.
– Өтініш беріп, 55-ке толмаған 239 адам бар. Олар жеті жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын алған. Әзірге олар әлеуметтік төлемдерді тек республика мен БЖЗҚ-дан алады, – деп қосты директор.
Департаментте «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арналған арнаулы әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып отыратын болатынын хабарлады.
Еске сала кетейік, бұрын қызметкер 55 жасқа толып, 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнеткерлікке шыққан немесе басқа жұмысқа ауысқан болса, онда ол тек республикалық бюджеттен және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төлемдерді ала алатын.