Павлодар облысында бір тәулікте мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
Полицияда өңірде құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидаты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен тәулікте өңір полицейлері 1195 құқық бұзушылықтың жолын кесті, оның ішінде 502-сі жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі болды. Өңірде «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру жалғасуда. Патрульдік полиция ротасы мен батальонының нарядтары қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күн сайын қызметке түседі.
– Негізгі назар криминогендік аудандар мен азаматтар көп жиналатын орындарға аударылады. Патрульдік қызмет тәулік бойы жұмыс істеп, тұрғындармен тығыз байланыста болады. Инспекторлар жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалап қана қоймай, оқиғаларға бірінші болып әрекет етеді, қоғамдық орындардағы тәртіпті қамтамасыз етіп, қылмыстарды ізін суытпай ашуға көмектеседі. Барлық құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды, ал көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды, – дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмедьянов.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда, ал барлық құқық бұзушылар заң алдында міндетті түрде жауап береді.