Павлодар облысында оқушылардың қатысуымен оннан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді
Жасөспірімдердің қауіпсіздігі үшін полиция бірқатар шараны қолға алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа оқу жылының басталуымен өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігіне, әсіресе, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып отыр. Облыста мектеп оқушыларының қатысуымен 13 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 17 адам жарақат алған.
– Оқу жылы басталған кезде көшелерде жүріп-тұратын оқушылардың саны көбейеді. Білім беру ұйымдарының маңындағы көлік қозғалысы да артады. Сонымен қатар, жасөспірімдердің жолаушы ретінде көлікке отыруы және таңертеңгі, түскі уақыттағы қозғалыс қарқыны күшейеді. Сондықтан тәртіп сақшыларының негізгі міндеті тек жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтап, жолын кесу емес. Қауіпсіз жол ортасын қалыптастыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қозғалысқа қатысушылардың кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілігін арттыру маңызды, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Медет Қайырбеков.
Оның айтуынша, кәмелетке толмағандар қатысатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – жол қозғалысы ережелерін сақтамау. Бұған жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің назарсыздығы, сондай-ақ сақтық шараларын елемеуі де әсер етеді.
– Кәмелетке толмағандардың көліктегі қауіпсіздігі де маңызды. Тіпті болмашы жол-көлік оқиғасының өзінде арнайы ұстау құрылғысының болмауы немесе оны дұрыс пайдаланбау ауыр салдарға әкелуі мүмкін, – деді ол.
Жолдағы тәртіпті сақтау үшін тәртіп сақшылары білім беру ұйымдарының маңындағы учаскелерді тұрақты бақылауда ұстайды. Оқу жылы қарсаңында әкімшілік полиция бөлімшелері мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдерімен бірлесіп, мектептерге жақын көшелер мен жолдарды тексерген.
Тексеру барысында жаяу жүргіншілер өткелдерінің жағдайына, жол белгілерінің болуына және талапқа сәйкестігіне, жол таңбаларының жай-күйіне, сондай-ақ жасанды жол кедергілерінің орнатылуына назар аударылған.
Оқу жылы басталған кезеңде патрульдік нарядтардың жұмысы да күшейтіледі. Сабақ басталып, аяқталатын уақытта мектептер маңындағы көлік көп жиналатын учаскелерде тәртіп сақшылары кезекшілік атқарады.
Оқушыларға жолда қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын үйрету бойынша білім беру ұйымдарымен бірлескен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жеткіншектерге жолды қауіпсіз кесіп өту, қозғалыс кезінде телефон қолданбау және қауіпсіз бағытты алдын ала таңдау жөнінде кеңес беріледі.
Мамандардың айтуынша, бала бағдаршаммен реттелетін өткелде де жолға шығар алдында көлік қозғалысының қауіпсіз екеніне көз жеткізуі қажет. Жолдан өту кезінде телефонға қарау, хат жазу, видео көру, ойын ойнау немесе құлаққап пайдалану назарды төмендетеді.
Ата-аналарға баласымен бірге «үй – мектеп – үй» бағытын алдын ала жүріп өтіп, жолды кесіп өтетін қауіпсіз орындарды анықтау ұсынылады. Сонымен қатар, қауіпті учаскелерге назар аударған жөн.
Күз-қыс мезгілінде күн ерте бататындықтан, оқушылардың киімінде жарық шағылыстыратын элементтердің болғаны маңызды. Велосипед пен жеке мобильділік құралдарын пайдаланатын жеткіншектерге де жол ережесін сақтап, қорғаныс құралдарын пайдалану қажеттігі түсіндіріледі.
Алдын алу жұмыстары әлеуметтік желілерде де жүргізіледі. Құқық қорғау органдары Instagram және басқа да платформалардағы парақшаларында жол қауіпсіздігіне қатысты ақпарат жариялап отырады. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар мектептерде сынып сағаттарын өткізіп, оқушыларға қауіпсіздік талаптарын түсіндіреді. Бұл ретте әлеуметтік роликтер, мультфильмдер және өзге де ақпараттық материалдар пайдаланылады.
Медет Қайырбековтің айтуынша, жолдағы жас тұрғындардың қауіпсіздігі тек оқу жылының алғашқы күндерінде емес, тұрақты түрде назарда болуы керек.
– Қазір профилактика тек тәртіп сақшыларының жұмысымен шектелмейді. Біз басқа мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейтіп келеміз. Себебі көлік пен халық санының өсуіне байланысты бұл мәселе барған сайын өзекті болып отыр. Балалардың жолдағы қауіпсіздігі – маусымдық емес, тұрақты міндет. Бұл полицияның, білім беру және жергілікті атқарушы органдардың, жол қызметтерінің, жүргізушілердің, ата-аналардың және жастардың ортақ жауапкершілігі, – деді ол.
Осы ретте полиция өкілдері жүргізушілерді мектептер маңында жылдамдықты төмендетіп, жаяу жүргіншілерге жол беруге, ата-аналарды жол ережесін күнделікті еске салып отыруға шақырады. Кәмелетке толмағандардың көшедегі қауіпсіздігі барлық қозғалыс қатысушысының мұқият болуына байланысты.