Павлодар облысында барлық жол белгілерінің сапасы тексерілді

Павлодар облысында барлық жол белгілерінің сапасы тексерілді
Фото: Константин Шелков

Тексеру нәтижесінде 61 белгінің мемлекеттік стандартқа сай келмейтіні анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өткен 2024 жылы Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы Павлодар филиалының мамандары 522 жол белгісін сынақтан өткізді.

Жол белгілерін қолданыстағы стандарттарға сәйкестігін тез және сенімді тексеруге мүмкіндік беретін арнайы құрылғы – рефлектормен жүргізілді. 

Нәтижесінде 61 белгінің мемлекеттік стандартқа сай келмейтіні анықталған. Қазіргі таңда өңір жолдарында барлық белгілер орнатылып, стандартқа сай келмейтін белгілер ауыстырылған.

Сондай-ақ, мамандар жол белгілеулерінің сапасын тексерді. Олар жалпы ұзындығы 264 шақырымды құрайтын республикалық желі жолдарында сынақтан өтті. Барлық жол белгілеулері мемлекеттік стандартқа сай.

– Жол белгілері мен таңбаларының кері шағылысу дәрежесі маңызды техникалық параметр болып табылады. Көбінесе жол-көлік оқиғалары олардың шағылысатын қасиеттерінің сапасыздығынан болады. Әсіресе түнде олар жол қауіпсіздігіне әсер етеді, – деді филиал инженері Қуанышбек Рахманбердиев.

Маман түнде де анық көрінетін жол белгілері қауіпсіздік пен апаттың алдын алатынын атап өтті.