Павлодар облысында бюджеттің кірісі жоспарланған көрсеткіштен асып түсті

Ал шығындар толықтай игеруге жақындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2025 жылдың сегіз айындағы бюджеттің атқарылуы қорытындыланған жиналыс өткізді. Сонымен қатар, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысының барысы қаралды.
Павлодар облысы республикалық бөліністе тұрақты дамумен сипатталады. Өңір барлық негізгі бағыттар бойынша оң динамиканы көрсетіп отыр. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,3 құрады, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2,4 триллион теңгеден асты, инвестициялар 16,7 пайызға өсіп, 620 миллиард теңгеден асты.
Өсім ауыл шаруашылығы саласында да байқалды - жалпы өнім 2,7 пайызға ұлғайды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 194,2 миллиард теңгені құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5 пайызға өсті. Көлік секторындағы қызметтердің көлемі 15 пайызға өсті, байланыс саласында - 10,8 пайызды құрады.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыстық бюджеттің кірісі 279,2 миллиард теңгені құрады. Бұл жоспарланған кіріс көлемінен 8 миллиард теңгеге артық. Өткен жылмен салыстырғанда түсімдердің өсімі 33,9 миллиард теңгені немесе 113,8% құрады. Бюджет шығындары 99% игерілді және қаржы көрсеткіштерін орындау бойынша облыс республикада бірінші орында тұр.
Нысаналы трансферттер мен несиелер бойынша өтінімдер мақұлданған және республикалық бюджеттен қаражат толық көлемде бөлінген жағдайда шығындардың орындалуы шамамен 99,7 пайызды құрайды деп күтілуде.
Жиналыста тұрғын үй құрылысы және әлеуметтік нысандар салу бағдарламаларының іске асырылу барысы жан-жақты қаралды. Облыс бойынша 2025 жылға арналған тұрғын үй құрылысының жоспары - 570 мың шаршы метр.
Сегіз айда 208,1 мың шаршы метр немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102 пайыз пайдалануға берілді.
Несиелік тұрғын үй бойынша облыстың үш қаласында 657 пәтерлі (58 мың шаршы метр) 8 үй салу көзделген. Бүгінгі таңда 5 үй бойынша жұмыстар аяқталды.
Асайын Байханов Президент Жолдауын іске асыру жағдайында өңірлік іс-қимыл жоспары әзірленгенін және облыс тұрғындарының әл-ауқаты белгіленген міндеттерді орындау сапасына байланысты екенін атап өтті.
– Біздің тұрғындарымыздың әл-ауқаты Президент Жолдауының және өңірлік іс-қимыл жоспарының орындалу сапасына байланысты. Біздің басты мақсатымыз - барлық басталған нысандарды аяқтау және облыс халқының өмірі, еңбегі мен демалысы үшін лайықты жағдайды қамтамасыз ету, – деп атап өтті өңір басшысы.
Сондай-ақ, биыл өңірде 41 нысанның құрылысы жүргізілуде: мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт кешендері. Сонымен қатар, Ақсу, Аққулы, Ертіс және Баянауыл аудандарында жекелеген нысандарды салу мерзімдері бойынша артта қалушылық бар.
Асайын Байханов жыл соңына дейін небәрі 100 күн қалғанын және барлық бюджеттік көрсеткіштер толық көлемде орындалуы тиіс екенін атап өтті. Ол аудандар мен қалалардың әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасын қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді, сондай-ақ жобалар бойынша туындаған барлық мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Атап айтқанда, өңір басшысы өз міндеттемелерін орындамаған мердігер ұйымдармен сот ісін уақтылы бастауды талап етті.