Павлодар облысында ерекше балаларды анықтау және қолдау жүйесі кеңейіп келеді
ПМПК мен түзету кабинеттері ата-аналармен және білім беру ұйымдарымен бірлесе жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсету жүйесі жылдан-жылға дамып келеді. Балаларды ерте жастан анықтау, оларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсету және ата-аналарға кеңес беру бағытында ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар) мен түзету кабинеттерінің жұмысы кеңейіп отыр.
Павлодар қаласындағы №2 ПМПК екі жыл бұрын ашылса да, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды анықтау және қолдау бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген. Мекеме басшысы Людмила Оспанованың айтуынша, барлық жұмыс ата-аналардың ерікті өтініші негізінде жүргізіледі.
– Біз тек қорытынды ұсынамыз, диагноз қоймаймыз. Баланың даму ерекшелігін бағалап, ата-аналарға оқу бағдарламасын бейімдеу жөнінде ұсыныс береміз. Оны қабылдау – ата-ананың өз құқығы, – дейді ол.
ПМПК құрамында дефектолог, логопед, психолог, сурдопедагог, тифлопедагог, сондай-ақ медициналық мамандар — психиатр, невропатолог және окулист бар. Мамандар баланың когнитивтік, сөйлеу және эмоционалды даму деңгейін, оқу мотивациясын және бейімделу мүмкіндіктерін зерттейді.
Соңғы уақытта ПМПК қызметіне ата-аналардың қызығушылығы артқан. Күн сайын сағат 15:00-тен 17:00-ге дейін кеңес беру қабылдауы ұйымдастырылып, ата-аналарға баланың даму ерекшеліктері туралы түсіндіріледі. Сонымен қатар, ПМПК мамандары мектептер мен балабақшаларға шығып, диагностика жүргізіп, педагогтерге арналған семинарлар өткізеді.
– Қазір мінез-құлқы бұзылған және аутизм спектріндегі балалардың саны артып келеді. Осыған байланысты «Асыл Мирас» аутизм орталығымен бірлесіп, тәрбиешілер мен мұғалімдерге арналған арнайы тренингтер ұйымдастырамыз, – дейді Людмила Оспанова.
Ал облыс деңгейінде ерекше балаларға көмек көрсетуді 2016 жылы ашылған облыстық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті үйлестіреді. Қазір өңірде 13 түзету кабинеті жұмыс істейді. Олар Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларында және барлық аудан орталықтарында орналасқан.
– Біздің мақсатымыз – балалардың даму ерекшеліктеріне қарай жеке бағдарлама құрып, олардың әлеуетін барынша ашуға көмектесу. Әр балаға логопед, дефектолог, психолог және басқа да мамандар кешенді түрде қолдау көрсетеді, – дейді облыстық түзету кабинеті басшысы Бибінұр Сүлейменова.
Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі, ұзақтығы әр баланың даму қарқынына байланысты үш айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін.
– Ерте жаста көрсетілген көмек ең тиімді нәтиже береді. Сондықтан ата-аналар баласының дамуында ерекшелік байқалса, мамандарға ертерек жүгінгені жөн, – деп атап өтті Бибінұр Сүлейменова.
Мамандардың пікірінше, ПМПК мен түзету кабинеттері жүйесі ерекше балалардың әлеуметке бейімделуіне, білім алуға және өз мүмкіндігін іске асыруына үлкен мүмкіндік беріп отыр.