Павлодар облысында инвестициялар көлемі 300 млрд теңгеден асты

Павлодар облысында инвестициялар көлемі 300 млрд теңгеден асты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бес айдың қорытындысы бойынша өңірде инвестиция көлемі де, өнеркәсіп өндірісі де оң өсім көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында өңір экономикасында инвестиция мен өнеркәсіп өндірісінің тұрақты өсімі байқалды.

Ресми мәліметке сәйкес, бес ай ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға өсіп, 343,4 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялар көлемі 68,1 миллиард теңгеге жетті.

Өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындары осы кезеңде бір триллион 814,7 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда 5,6 пайызға жоғары. Жалпы өндіріс көлемінің 56,4 пайызы өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі.

Өңдеу секторында өндіріс көлемі сегіз пайызға артқан.

Ең жоғары өсім құрылыс индустриясында тіркеліп, көрсеткіш 1,8 есеге ұлғайды. Сонымен қатар дайын металл бұйымдарын өндіру 38,1 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 26,8 пайызға, химия өнеркәсібі 15,7 пайызға, машина жасау 14,1 пайызға және қара металлургия 11,7 пайызға өсті.

Сондай-ақ мұнай өңдеу көлемі 8,1 пайызға, ал тамақ өнімдерін өндіру 4,5 пайызға артты.

Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштер өңірдегі өндірістік белсенділіктің сақталғанын және өнеркәсіп саласының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.