Павлодар облысында кірістер жоспарының орындалуы талқыланды

Павлодар облысында кірістер жоспарының орындалуы талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен кеңейтілген аппараттық жиналыс өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Күн тәртібіндегі екі мәселенің ішінде 2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатов баяндады. Облыс бюджетіне бірінші-үшінші санаттағы кірістер 367,3 миллиард теңге жоспарланып, 369,9 миллиард теңге сомасында түсті немесе 100,7 пайызды құрады. Кірістер бойынша жоспар 2,6 миллиард теңгеге асыра орындалды. 

– Негізгі асыра атқарылу корпоративтік табыс салығы бойынша қалыптасып отыр – 1,4 миллиард теңге, жеке табыс салығы – 1,2 миллиард теңге, әлеуметтік салық – 1,1 миллиард теңге. Аумақтар бөлінісінде кірістер жоспарын Ақтоғай, Тереңкөл аудандары және Ақсу  қаласы орындамады, – деді Жеңіс Шақатов.

Асайын Байханов екі аудандағы кірістерді орындамау себебін әкімдерден сұрады. Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов корпоративті табыс салығының орындалмауы «Сольхимпром» ЖШС кәсіпорынның тұз өндіру көлемінің 60 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін төмендеуімен байланысты екенін айтты. Тамыз айында кәсіпорын басшылығы аудан әкімдігіне тұз кен орнын толығымен су басқандықтан, тұз өндірісі бес есе төмендеді.

Ал Тереңкөл ауданында корпоративтік табыс салығы түспегендіктен кіріс бөлігінің жоспары орындалмады. Оған «Качирский ПДУ» ЖШС орналасқан жерін Ақтоғай ауданына өзгертуі себепші болды. Сондай-ақ, аудан әкімі Азамат Маңғұтов түсімнің азаюын 2023 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу көлемінің азаюымен тікелей байланыстырады. 

Баяндамаларды тыңдағаннан кейін облыс әкімі Ақтоғай мен Тереңкөл ауданының әкімдеріне сөгіс жариялады. 

– Ақтоғай және Тереңкөл, Аққулы  аудандары және Ақсу қаласының әкімдері салалар бойынша көрсеткіштерді орындамаған қол астындағы жауапты тұлғаларға төмендету немесе жұмыстан босату бойынша ұсыныс енгізіңіздер, – деді Асайын Байханов. 

Облыс әкімі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына көрсеткіштерді орындамаған немесе бюджеттік қаражатты игермеген қалалар мен аудандар әкімдеріне бонустық трансферт қаражатын қысқартуды тапсырды. 

– Әр басқарма басшысының қалалар мен аудандар әкімдерінің жұмысы нақты атқарылған нәтижелі көрсеткішпен, сондай-ақ, халықтың жұмыстарыңызға деген қанағаттану деңгейімен бағаланатын болады. Біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты  тұрғындарымыз үшін барынша қолайлы жағдай жасау және халықтың әл ауқатын арттыру болып табылады,– деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, жоспар бойынша облыс бюджетінің шығыстары 600,8 миллиард теңге 597,7 миллиард теңгеге немесе 99,5 пайызға игерілді. 2024 жылы игеру бойынша жалпы республикалық рейтингте Павлодар облысы үшінші позицияда тұр. Ал бюджет орындамау 3,1 миллиард теңгені құрады.